Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтың өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен Түркістан облысы әкімінің орынбасары лауазымына Ұлан Қалмұханұлы Тәжібаев тағайындалды.
Ұлан Қалмұханұлы Тәжібаев 1977 жылдың 14 шілдесінде Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Білімі – жоғары. 2000 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетінің «халықаралық құқық», 2007 жылы «Парасат» қазақ көпсалалы институтының «экономика», Мадрид қаласындағы «Instituto de Empresa» халықаралық бизнес-мектебінің «Executive MBA» (бизнес кәсібиді оқыту бағдарламасы) мамандықтары бойынша бітіріп шыққан.
Еңбек жолын 1996 жылы Астана қаласында «Эльмора» ЖШС-нің заң кеңесшісі болып бастаған.
2000 жылдардан бастап Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Заң институтының заңгерінен бастап, «Самұрық Қазына» АҚ-ның аппарат басшысы, «Самұрық Қазына» АҚ-ның Адами ресурстарды басқару басқармасының басқарушы директоры – Басқарма мүшесі қызметтерін атқарған.
2018-2019 жылдары «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы болып қызмет еткен.
2019 жылдың наурыз айынан бастап Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі лауазымын атқарып келген.
2009 жылы “Ерен еңбегі үшін”, 2016 жылы “Құрмет” орденімен марапатталған.
Ұ.Тәжібаев ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау, еңбек инспекциясы, шекара және шекара маңы мәселелерін шешу, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу салаларына жауапты болады.