Биыл қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл толып отыр. Осы орайда Түлкібас ауданында “Nur Otan” партиясы Түркістан облыстық филиалы, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Түлкібас ауданы әкімдігі ұйымдастырған “Ұлт тарихындағы жарқын тұлға” шарасы басталды.
Шараға облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов, “Nur Otan” партиясы Түркістан облыстық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев,
Түркістан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасар-хатшысы Ғ. Рысбеков, аудан әкімі Н.Тұрашбеков, жазушы, халықаралық Алаш сыйлығының иегері М.Байғұт, философия және теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай және БАҚ өкілдері қатысты.
Делегация өкілдері 1915 жылы «Алаш» қайраткері, тұңғыш қазақ инженері М.Тынышпаевтың басшылығымен соғылған Жаскешу ауылдық округі Рысқұл ауылының маңында орналасқан туннельмен танысып, Т.Рысқұловтың ата қонысы Рысқұл ауылындағы күрделі жөндеуден өткен ауылдық клубтың ашылу салтанатына қатысты. Сонымен қатар, қонақтар Түлкібас кентіндегі тоғыз жолдың торабы – Түркісіб теміржолының бойында орналасқан қос қайраткер – М.Тынышпаев пен Т.Рысқұловтың ескерткішіне арнайы барып, гүл шоқтарын қойды.
Бұдан бөлек, Т. Рысқұлов атындағы тарихи-өлкетану мұражайымен танысқан делегация
«Тұңғыш Президент» саябағына ат басын тіреді.
Айтулы шара «Тұңғыш Президент» саябағында көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналған «Ұлт тарихындағы жарқын тұлға» атты тақырыптағы салтанатты жиынмен қорытындыланды.