Бүгін «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінде Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхамбетов тұрғындарды арыздары мен өтініштері бойынша қабылдады. Бұл жолы қоғамдық қабылдауға 11 тұрғын келіп, көкейде жүрген мәселелерін қозғады. Әсіресе, тұрғын үйге байланысты өтініштер көп болды.
Мәселен, Арыс қаласынан келген С.Балабасов тұрғын үйіне күрделі жөндеу қажет екенін айтса, тағы бір арыстық тұрғын П.Медетова да үйін жөндеу бойынша шағымын айттты. Қосман Қайыртайұлы екі тұрғынның да үйіне мамандар жіберілетінін, сараптамадан өткізіліп, тиісті көмек берілетінін жеткізді. Ал көпбалалы ана Қ.Пиримованың үйі қатты зардап шеккен. Әлеуметтік жағдайы да қиын. Облыс әкімінің бірінші орынбасары арыз иесінің өтініші жерде қалмайтынын, үйі жөнделетінін, әлеуметтік көмек көрсету бойынша Арыс қаласы әкімдігі мен кәсіпкерлерге айтылатынын мәлімдеді.
Арыстағы жарылыс елге оңай тимегені белгілі. Тоғыз жолдың торабындағы қалада тұратын Ш.Ташпенова мен А.Бимырзаева да баспаналарын жөндеу мәселесімен келген. Бұл тұрғындардың арызы бойынша да апта соңына дейін тиісті тексеру жүргізіліп, мамандар қажет деп тапса көмек көрсетілетін болды.
Сонымен бірге қоғамдық қабылдауға тұрғын үй кезегінде ұзақ жыл тұрған бірнеше тұрғын да келді. Оларға баспана үй кезегіне сай берілетіні түсіндірілді. Мәселен, түркістандық А.Әбуеева тұрғын үй кезегінде 585-ші болып тұр. Ал төлебилік А.Ағабекова 210-шы болып кезегін күтуде. Өтініш иелеріне тұрғын үй жыл соңында және 2020 жылы берілетіні жөнінде түсіндірілді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қ.Айтмұхамбетовпен тікелей жүздесіп, арыз-шағымдарын айтуға мүмкіндік алған тұрғындар «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысына ризашылықтарын білдірді. Қоғамдық қабылдауда сөз болған түйткілдер партия филиалының бақылауында болады.