«Nur Otan» партиясының «Open Spase» форматындағы қоғамдық қабылдау бөлмесінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев 9 тұрғынды арыз-шағымдары бойынша қабылдады. Бұл жолы тұрғындар тарапынан жұмысқа орналастыру, әлеуметтік көмек көрсету, мүгедектік жөнінде құжат алу және жәрдемақы жөніндегі өтініштер айтылды.
Түркістандық Г.Әбішева тұрақты жұмыс таба алмағандықтан партияның қабылдауына келген. Тұрғынның өтінішін мұқият қараған облыс әкімінің орынбасары оған көмек көрсетілетінін жеткізді. Өтініш иесі 2019 жылдың 3 желтоқсаннан бастап кірістер департаментіне уақытша жұмысқа орналасып, 2020 жылы наурыз айында арнайы мамандықпен оқуға жіберілмек. Облыс орталығында тұратын Г. Әбдіқасым да жұмыс мәселесін қозғады. Дәлірек айтсақ, ұлына тұрақты жұмыс іздей келген. Оған «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша жұмыс ұсынылды.
Мақтаарал ауданынан келген І.Шыназбай мүгедектікті басқа топқа ауыстыру және жұмысқа орналасу жөнінде өтініш айтты. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Темірбаева тұрғынның жұмысқа тұруына көмек көрсетілетінін айтты. Ал мүгедектік тобын ауыстыруға дәрігерлердің анықтамасы бойынша рұқсат жоқ екенін түсіндірді.
Сонымен бірге тұрғын үй, әлеуметтік көмек көрсету және өзге де түйткілдер бойынша бірнеше тұрғынға жауап берілді. Әрбір өтініш иесінің талап-тілегі бойынша облыс әкімінің орынбасары мен тиісті басқармалар жұмыс жүргізеді. Ал тұрғындарға тиісті көмектің берілуі «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалының бақылауында болады.