Ел тәуелсіздігінің 28 жылдық мерекесі қарсаңында Ордабасы ауданында “Бөрте” бастауыш партия ұйымы ашылды. Бадам ауыл округінде орналасқан “Бөрте Милка” ЖШС-нің 70 қызметкері “Nur Otan” партиясы қатарына өтуді ұйғарып, ойларын жүзеге асырды.
“Бөрте” бастауыш партия ұйымының ашылу салтанатында “Nur Otan ” партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай ТƏЖІБАЕВ партияның атқарып жатқан жұмыстары, Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партияны жаңғырту мен партиялық кадрлық резерв жасақтау бастамалары туралы айтып өтті.
Партия жиналысында партбюро құрамы мен оның төрағасы сайланды.
“Бөрте Милка” ЖШС-нің басшысы Нұралы ӘБІШЕВ өңірдің дамуына үлес қосып жүрген кәсіпорын жұмысшыларының елдік мәселелерде де белсенді екенін атап өтті. Бүгінде бұл компанияның өнімдері республиканың өңірлерінде сұранысқа ие. Сапасына да жұртшылық жоғары баға берген.
Мереке қарсаңындағы жиында “Бөрте Милканың” еңбек озаттары партияның облыстық филиалының Алғыс хаттарымен марапатталды.