«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде кезекті қабылдау өтті. Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков 50-ден астам адамның өтініштері мен шағымдарын тыңдады.
Әсіресе, мал ұрлығы бойынша арыздар көп болды. Сонымен бірге тергеудің әділ жүрмегені, тәртіп сақшыларының заңсыз әрекетіне шағымданғандар да кездесті. Топ болып келіп арызданғандарға да жауап берілді.
Мәселен, бәйдібектік Б.Есмұрзаев мал ұрлығы тыйылмай тұрғанын, ұрыларды ұстау бағытындағы жұмыстарға көңілі толмайтынын айтты. Қайрат Дәлбеков істің жақында сотқа өткенін мәлімдеді. Тергеу басқармасының басшысына тергеуді сапалы жүргізу жөнінде тапсырма берді. Ал тағы да мал ұрлығы бойынша арызданған Д.Искаковты тағы жеке қабылдайтын болды. Кентаулық С.Іргебаев қылмыстық істің ашылмай жатқанына ренішін жеткізді. Бұл тұрғынның арыза бойынша қайтадан сараптама жұмыстары жүреді. Арыстық Ғ.Оспанов пен түркістандық Ж.Қалымбетов ішкі істер органына жұмыс іздей келіпті. Полиция генерал-майоры бос жұмыс орындары болса, өтінішті қарастыратынын мәлімдеді. Сондай-ақ “полицейлер ұлымды ұрып-соқты” деп арызданған Г.Қалкөзованың да арызы бақылауға алынбақ.
Полиция бастығы әр тұрғынның арызын мұқият тыңдады. Кейбір мәселелер бойынша тергеушілер мен қызметкерлеріне сол сәтте нақты тапсырма беріп, қатаң қадағалайтынын айтты. Бірқатар шағымға байланысты тұрғындармен тағы да кездесіп, істі соңына дейін жеткізуге уәде берді. “Полицейлерден үнемі халықпен тығыз байланыс орнатып, жанашыр болуды талар етемін. Жұртшылықпен диалог орнату, олардың мәселелерін заң талабына сай жылдам шешу бағытында жұмыс жалғаса береді”,-деді Қ.Дәлбеков.
Бұл күні алдын ала жазылғаннан бөлек тұрғындар да көп болды. Жиылған жұртшылық жауапты басшылармен кездестіріп, елдің мұң-мұқтажын айтуына мүмкіндік берген жетекші партияға алғыстарын білдірді.
” Nur Otan ” партиясы Түркістан облыстық филиалы тұрғындардың өтініштерінің аяқсыз қалмауын, жұмыс жүргенін бақылауда ұстайды.