Бүгін «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі Түркістан облысы бойынша департаментінің бірлескен отырысы өтті.
Отырысқа ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Уалихан Рахиев, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаев, департамент және облыстық партия филиалы аппараты қызметкерлері қатысты.
Мәжілісті «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Полат Тұрсынбаев жүргізіп отырды.
Бірлескен мәжілістің күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Соның біріншісі – «Nur Otan» партиясының Түркістан облысы бойынша филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің атқарған жұмыстарын талқылдау. Ал екіншісі – жергілікті атқарушы органдардың қызметіне қатысты жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдауы. Үшінші мәселе – Түркістан қалалық жұмыспен қамту орталығының қызметінде жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижесі бойынша енгізілген ұсыныстардың орындалуы.
Бірінші мәселе «Nur Otan» партиясының Түркістан облысы бойынша филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес жұмысы туралы «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Асқар Еркінбеков баяндама жасады. Оның айтуынша, 2018 – 2020 жылдары аралығында 23 тұлғаға партиялық шара көрілген, оның ішінде 12 азамат (2018ж.-7, 2019ж.-2, 2020ж.9 ай -3) жемқорлық әрекеттері мен партиялық этика кодексі талаптарын бұзғандығы үшін партия қатарынан шығарылған.
Жалпы қоғамдық кеңес тарапынан 2015 – 2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы аясындағы іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында арнайы жоспар бекітіліп, соған сәйкес мемлекеттік органдармен бірлесе отырып тиісті жұмыстар жүргізілуде.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филалының баспасөз қызметі