Түркістан облысы Арыс қаласының тұрғыны Әділхан Еребаев мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 10 млн. теңге несие алып, кәсібін бастаған. Ақдала ауылдық округіне қарасты П.Арапов елді мекенінде орналасқан «Арғынбек» шаруа қожалығының иесі өңірде мал басын көбейтуге өз үлесін қосып келеді. Шаруа қожалық қазіргі таңда 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Қоражайда 60-тан аса ірі қара бар. Жеке кәсіпкер алдағы уақытта жылқы және ұсақ мал басын көбейтуді жоспарлап отыр.
Жалпы Арыс қаласы аумағында шаруа қожалықтар саны ағымдағы жылы 1176-ға жетіп отыр. Мал басын өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім бар. Атап айтқанда, жылқы – 16 666, түйе – 2 715, ірі қара мал – 37 000, қой – 433 087, ешкі – 14 561, құс – 69 670 басқа жеткен. Сондай-ақ, мал өнімдерінің де барлық түрі артқан. Мәселен, ет – 5 308,7 тонна, сүт – 16 158,8 тонна, жұмыртқа – 6 258,9 мың дана көрсеткішті құрап отыр.
Айта кетейік, Арыс қалалық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы тұрғындардың кәсіп ашуына үнемі қолдау көрсетуде. Орталықта тұрғындар «Бизнестің жол картасы 2020-2025» бағдарламасы бойынша «Ырыс» МҚҰ, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мен екінші дәрежелі банктерден несие алып, кәсіп ашуларына мол мүмкіндіктер қарастырылған.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі