Мақтаарал ауданында 38 593 гектардан аса жерге мақта шиті себілген. Биыл орташа есеппен гектарынан 21-24 центнерден өнім алу көзделіп отыр. Мақтаның бағасы анықталып, ең алғашқы болып “Мырзакент” мақта зауыты ақ алтының тоннасын 170 мың теңгеден белгіледі. Бәсекелестік ортада мақтаның бағасы 200 мың теңгеге дейін көтеріледі деген болжам бар, деп хабарлайды ERNUR.KZ аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде аудандағы мақта қабылдау бекеттеріне 5 мың тоннадан астам ақ алтын келіп түскен болса, диқандар терім біткенше 80 мың тонна ақ ұлпа жинап алуды көздеп отыр. Ол үшін 145 терімшілер бригадасы, 10-нан аса комбайн мақта теру науқанына жұмылдырылған. Мақтаның тезірек ашылуы үшін ауданда қазірдің өзінде 25 мың гектардан астам мақталық алқапқа дефолация шаралары жасалған. «Дробь плюс», «Авгурон экстра», «Коттон», «Реглон-супер» химикаттарының мақта жапырағын түсірудге тиімді әсері байқалуда.
«Көсектерге күн жақсы тиген соң тезірек ашылып жатыр. Көптеген шаруалар дефолиацияның пайдасын білмейді. «Мақта салмақ жоғалтады» деп оны жасаудан қашады. Көк көсектер күзде үсік шалғанда бір-ақ ашылады. Ондай мақтаның сапасы да болмайды» – деді мақтасын жинап жатқан шаруаның бірі М.Забынбеков.
Ауданда мақта өндіретін 5 зауыт және мақта қабылдайтын 69 бекет қызмет көрсетуде. Зауыттардың ішінде ТМД-да теңдесі жоқ саналатын «Мырзакент» мақта өңдеу зауыты 120 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр. Жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайтын өндіріс ошағының жоғары технологиялық құрал-жабдықтары АҚШ-тың «Люмус Корпорайшн» компаниясынан сатып алынып, монтаждалған.
Өндірістік құаттылығы 60 мың тоннаны құрайды. Қолданыстағы мақта зауыттарымен салыстырғанда бұл өндірістің еңбек өнімділігі 30 пайызға жоғары. Атап айтқанда, талшықтың шығуы 30 пайызға артық әрі сапасы жоғары, электр қуатының шығыны 25-30 пайызға үнемделеді және мақтаны өңдеу мерзімі 30 пайызға қысқарған.
Зауыт мамандарының айтуынша, биыл мақтаның түсімі, талшығының ұзындығы, шитінің сапасы ойдағыдай. Бірақ зертхана тексеруі кезінде мақтаның ластығы мөлшерден көбейіп кетуде. Себебі, терімшілер қауашақ, көк жапырақ, шөп-шаламды араластырып тереді. Сол үшін зауыт басшылары мақташыларды таза өнім жинауға шақыруда.