Қарты бардың қазынасы бар, деген. Кешегі сұм соғыста қан кешіп, тылда тынымсыз еңбек еткен аталарымызға қаншалықты құрмет көрсетсек де жарасады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының «Ардагерлер туралы» Заңға қол қойғанын естіп қуанып қалдық.
Бүгінгі алаңсыз күніміз бен жарқын болашағымызға жетелеп, бейбіт таңдарымыз бен тәуелсіздігімізді сыйлаған ардагерлерді ұлықтау біздің міндетіміз. Еліміздің әр жетістігінің, әр биік белесінің артында ардагерлеріміздің күш қайраты, табандылығы, отансүйгіштігі мен жаужүрек мінезі тұр. Мемлекет басшысы қол қойған «Ардагерлер туралы» Заңда осынау ардагерлерімізге көрсетілетін әлеуметтік көмектер мен оларға жасалатын жеңілдіктер туралы айтылыпты.
Одан бөлек, ардагерлердің мәртебесі белгіленген. Заңға сәйкес ардагерлер және осы Заңның күші қолданылатын басқа да адамдардың қатарына Ұлы Отан соғысының ардагерлері, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер және еңбек ардагерлері енеді.
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне осы құжаттардың негізінде ҚР Қорғаныс министрлігінің органдары Ұлы Отан соғысы ардагерінің куәлігін берсе, қалған ардагерлерге жасына байланысты жәрдемақы төлемдерін алушы куәлігіне белгі қойылатын болады.
Ұлы Отан соғысының ардагерлері бірінші кезекте жер мен үйді алуға құқылы. Ал, Ұлы Отан соғысының ардагері қайтыс болған жағдайда оған берілген тұрғын үй ешқандай төлемсіз оның отбасы мүшелеріне өтеді.
Ұлы Отан соғысының қайтыс болған ардагерін жерлеуді жүзеге асырған адамға, отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жерлеуге арналған біржолғы төлем төленбек.
Осынау заңда әлеуметтік көмектерді сонымен қатар Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген азамар, “Құрмет”, “Даңк”, ІІІ дәрежелі “Еңбек” даңқының орденінің иегерлері, Қазақстанның Еңбек ері атағына ие болған азаматтар, 1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылдың 9 мамыр аралығында кемінде 6 ай жұмыс істеген, әскери қызмет атқарған және Ұлы Отан соғысы жылдары тылдағы жанқиярлық ерлігі мен мінсіз әскери қызметі үшін КСРО ордені және медальдермен марапатталған адамдар да ала алады делінген.
Заңда қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары үшін де қосымша әлеуметтік қолдау шаралары бар.
Аталған Заңда алдыңғы толқын ағаларымызға көрсетілетін осынау құрметтің қашанда биік болатыны нақты көрсетілген.
Қазыналы қарттарымызға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан бұл қамқорлық пен қолдау оларға деген үлкен құрмет болмақ.
Ордабек Әбдіқайымов,
Ленгір қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы.