Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласында болған төтенше жағдай кезінде және қару-жарақ қоймасындағы жарылыстың салдарын жою барысында ерекше көзге түскен еліміздің азаматтарына мемлекеттік наградалар тапсырды. Жиында Президент: “Арыстағы трагедия жергілікті мыңдаған отбасын бір сәтте баспанасыз қалдырды. Әскерилер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің шапшаңдығы мен батылдығы алғашқы минуттарда-ақ халықты эвакуациялауға мүмкіндік берді”,-деді. Марапатталғандардың арасында арыстық тұрғындар да бар. Олар, Арыс қаласындағы «Алтын тұмар» балабақшасының меңгерушісі Уәлиханова Гаухар Шыналбайқызы – 113 баланы эвакуациялаған,сондай-ақ, «ЛИДЕР» балабақшасының жүргізушісі Әбдіхалық Асқар Алмасбекұлы – 70 тәрбиеленушіні эвакуациялаған.Сонымен қатар, жарылыста еңбек еткен әскерилер, полицейлер, еріктілер де II және III дәрежелі “Айбын” орденімен, “Құрмет” орденімен, “Ерлігі үшін” және “Жауынгерлік ерлігі үшін” медальдарымен, медицина қызметкерлері – “Шапағат” медалімен марапатталды. Олардың қатарында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов бар.
“Ақорда” резиденциясында өткен салтанатты марапаттау рәсіміне жалпы қырық адам қатысқан. Бейбіт күннің батырлары – барша қазақстандықтардың мақтанышы.