Арыс қаласында «Nur Otan» партиясының праймеризі қандай дәрежеде ұйымдастырылуда? Тоғыз жолдың торабы саналатын шаһардағы үміткерлердің саяси белсенділігі қалай? Бастауыш партия ұйымдарының мүшелерінің тіркеуден өтуі мен дауыс беру кезеңіне дайындық барысы қандай? Бүгін «Nur Otan» партиясы Түркістан облысы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаевтың қалаға сапары барысында осы сауалдарға жан-жақты жауап ізделді.
Филиал төрағасының бірінші орынбасары ең алдымен Арыс қаласындағы мәдениет үйінде арыстық праймеризге қатысушы үміткерлермен кездесіп, олармен емен-жарқын пікір алмасты. Кандидаттардың дайындықтарын сұрастырып, алдағы кезеңдердегі жұмыстарына сәттілік тіледі.
«Арыс – облыстық маңызы бар шаһарлардың бірі. Бір жыл бұрын жарылыс салдарынан төтенше жағдай болып, халық қиын-қыстау кезеңге ұшырады. Мемлекет, партия, тұтас ел тарапынан көмек көрсетілді. Біздің алдымызда қаланың әлеуметтік-экономикалық ахуалын одан әрі жақсарту мақсаты тұр. Ол үшін халық арасыннан нағыз көшбасшы, ел қамын ойлайтын жергілікті патриоттарды анықтап алуымыз қажет. Осы мақсатта партия өз ішінен кілең мықтыларды осы праймериз сайысында іріктемек»,– деді ол.
Сапар барысында Арыс қаласындағы дауыс беретін және дебат өтетін орындар мен «В. Комаров» бастауыш партия ұйымының да дайындығы назардан тыс қалған жоқ.
Мұнан соң Бейсен Дәулетұлы Монтайтас ауылындағы мәдениет үйінде өткен пікірсайысқа арнайы қатысып, үміткерлерге праймериздің негізгі талаптары мен ережелерін түсіндірді. Бүгін Арыста 2 дебат өтіп, оған 10 үміткер қатысты. Жалпы Арыс қаласында 16 бастауыш партия ұйымы мен «Nur Otan» партиясының 4641 мүшесі бар.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филалының баспасөз қызметі