Түркістан облысында ағымдағы жылдың 1 қазанындағы есеп бойынша атаулы әлеуметтік көмек 99,7 мың отбасыға, нақты 577,8 мың адамға тағайындалған. Оның ішінде 352,4 мыңы – балалар, 65,7 мың отбасы – көп балалылар. Бүгін бұл туралы Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева мәлімдеді.
Облыста АӘК төлеуге көзделген 60,7 млрд.теңге қаржының бүгінгі таңда 71%-ы, 43 млрд.теңгесі игерілген.
«АӘК төлемдері мен жұмыспен қамту шаралары қиын өмірлік жағдайдан шығу үшін көптеген отбасыларға көмектесті. Мұқтаж отбасылар мемлекет тарапынан шынайы қолдау көрді, оның жартысы дерлік көпбалалы отбасылар, сондай-ақ, кейбіреулері аз қамтылғандар санатынан шықты. Облыста жалпы 62,8 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды, 1 мың адам кәсіпкерлікті дамытуға микрокредиттер алды, оның ішінде кәсіпкерлікті дамыту үшін 74 көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар тұлғалар және жастар шағын несиелер алды. Сондай-ақ, бизнес идеяны іске асыруға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 1,2 мың грант берілді, оның ішінде 120 көпбалалы отбасылар алды. АӘК-ң біржолғы төлем есебінен 5439 адам өз ісін ашты, оның ішінде 1909 адам – көпбалалы аналар», – деді Әсия Құралқызы.
Алайда, АӘК-ті заңсыз тағайындауға алып келген 18 мыңнан астам отбасы өзінің нақты табысын жасырғандығы анықталған. Нәтижесінде облыста жүргізілген мониторингтің қорытындысы бойынша 3 млрд.теңгеге жуық қаржы үнемделіп, артық төленген 650 млн.теңгенің 38,8 млн.теңгесі қайтарылып отыр.
ТҮРКІСТАН: САУРАНДА ҚОС НЫСАН АШЫЛДЫ
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Сауран ауданы, Қарашық ауылдық округінде «Жасмин» мектеп-балабақша кешені ашылды. 200 орындық мектеп-балабақшаның мектебінде бастауыш 2 сынып,...