Жиында бірінші басшыны аудан активіне таныстырған аймақ басшысы мақталы өлкеде алдағы уақытта атқарылар істің көптігіне тоқталып, шекаралық аудандағы бірқатар мәселелер бұдан былай тезірек шешімін табатынына сенім білдірді.
“Жаңадан Мақтаарал ауданының құрылғанына ел риза. Енді елге қызмет көрсету, әлеуметтік мәселелерді шешу жеңілдейді. Тұрғындар құжат реттеу үшін алысқа шабылмайды. Тағы айта кетерлік жай, сіздер жаңадан құрылған Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданының тұрғынысыздар. Бұл да үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Елбасы Түркістан облысына баса мән беріп отыр. Түркістан Түркі әлемінің көшбасшысына айналуы үшін сіздер де үлес қосуларыңыз керек. Көрші елмен шектесетін ауданға үлкен сенім әрі жауапкершілік жүктеледі. Жаңа әкім ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеріп, ел сенімін ақтайды деген ойдамын. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!”, – деді Ж.Түймебаев.
Сонымен бірге, ауданның дамуына өз үлесін қосқан бұрынғы әкім Жамантай Бейсенбаевқа алғысын білдіріп, алдағы қызметінде табыс тіледі.
Б.Н.Асанов 1962 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы бойынша біліктілігі инженер-құрылысшы.
Еңбек жолын 1984 жылы ЖМК «Жетісай ауыл құрылыс» трестінің нормалаушысы ретінде бастаған.
1986-2011 жылдары Ленин атындағы кеңшардың газдандыру жөніндегі жұмыстарды техникалық қадағалаушысы, Ленин атындағы кеңшардың құрылыс бөлімінің шебері, «Көксу» кеңшарының аға прорабы, «Жібек жолы» сауда базасы директорының орынбасары, Республикалық жастар кәсіпкерлігін қолдау қоры директорының орынбасары, Алматы қалалық жастар кәсіпкерлігін қолдау жөніндегі қордың Фрунзе аудандық филиалы директоры, Шымкент қалалық әкімшілігінің техникалық инспекциясының инспекторы, Шымкент қалалық әкімшілігінің техникалық инспекциясы бастығының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай ауданы Жылы су селолық округінің әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай қаласының әкімі лауазымдарын атқарған.
2011 жылдың шілде айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары лауазымында қызмет етіп келді.
Ж.Қ.Бейсенбаев 1958 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы бойынша біліктілігі ғалым агроном, заңгер. Еңбек жолын 1982 жылы Алматы облысы Қаскелен ауданы «Пригородный» кеңшарының аға агрономы ретінде бастаған.
1984-2018 жылдары ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының Жетісай аудандық комитетінің хатшысы, «Красная звезда» кеңшарының партия комитетінің хатшысы, Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай ауданы әкімінің бірінші орынбасары, Мақтаарал ауданы ауылшаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, Мақтаарал ауданы Жетісай қаласының әкімі, Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары, облыс әкімінің кеңесшісі лауазымдарын атқарған.
2018 жылдың сәуір айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданының әкімі лауазымында қызмет етіп келді.