«Nur Otan» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық қоғамдық кеңесінің аймақтармен бейне-конференция байланысы режиміндегі отырысы өтті. Отырысқа «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек арнайы қатысты. Аталған бейне-конференция байланысы режиміндегі отырысқа «Nur Otan» партиясы Түркістан филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы Мархабат Байғұт пен бір топ мүшелері, облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары, облыстық даму басқармасының басшысы мен мамандары, облыстық Мәдениет басқармасы Тілдерді дамыту бөлімінің басшылары мен мамандары, сондай-ақ бір топ ғалымдар мен БАҚ қызметкерлері қатысты.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы мемлекеттік тілдің мәртебесі тақырыбымен өткен кеңес отырысының күн тәртібінде «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы» қарастырылды.
Бауыржан Байбектің кіріспе сөзімен басталған бейне-конференцияны «Мирас» республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан жүргізді. Отырыста сөз сөйлеген блогер, медиажаттықтырушы Яков Федоров, ҚР-ның Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, «Серпін» Ұлттық білім және инновация палатасының төрағасы Мұрат Әбенов, Нұр-Сұлтан қаласындағы Түрік этномәдени орталығының төрағасы Әскер Алавердыұлы, айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақовтар мемлекеттік тілдің бүгінгі таңдағы ахуалына тоқталып, оның қолдану аясын одан әрі кеңейту, дамыту және мәртебесін көтеру мәселесі туралы, қазіргі таңда өзекті мәселе болып отырған қазақша сөйлеуге үйретудің тиімді жолдары жайлы ойларын ортаға салып, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловның атына біршама сындар айтылды. Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрі мемлекеттік тілді білу өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі екенін, тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында бір ғана министірлік емес, әрбір қазақстандықтың азаматтық міндеті екенін айта келіп, сөзін: «Мемлекеттік тілді білу – әрбір жанұяның, әрбір ұжымның негізгі мақсаты, біз тіл арқылы ғана ата-бабалардан келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды ұрпаққа аманаттай аламыз. Сондықтан, Бауыржан Қыдырғалиұлы, «Nur Otan» партиясының арнайы көтеріп отырған бұл бастамасына ризашылығымызды білдіремін әрі алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасасақ мемлекеттік тілді қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайтудың аса маңызды факторына айналдырамыз», – деді.
Отырыс соңында Бауыржан Байбек: «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілін дамыту, қолдану аясын кеңейтужәне оның жетілуіне жан-жақты қамқор жасау бүгінгі күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселелердің бірі. Осындай мемлекеттік маңызды мәселені жүзеге асыру үшін арнайы қабылдаған бағдарлама мен іс-шараларды тұрақты түрде жүргізу, күнделікті жұмыс барысында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бәрімізге ортақ борыш. Сонымен қатар, Үкімет, мемлекеттік органдар мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға және қазақ диаспорасына ана тілін сақтауы мен дамытуы үшін көмек көрсетуге міндетті. Өйткені, қазақ тілі тек қарым-қатынас пен ақпарат алмасу құралы ғана емес, оның қызметі әлдеқайда салмақ. Сол үшін «Nur Otan» партиясы арнайы жұмысшы тобын құрып, тіл саясаты туралы маңызды мәселелерді қолға алып, жүйелі түрде жұмыс жасауға бастамашы болады. Партиясы қоғамдық бақылауын күшейтуімен қатар, мемлекеттік ұйымдарға өзінің ұсыныстарын тастап нағыз халықтың партиясы екендігін көрсетеді», – деп күн тәртібіндегі мәселені қортындылады.
ТҮРКІСТАН: САУРАНДА ҚОС НЫСАН АШЫЛДЫ
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Сауран ауданы, Қарашық ауылдық округінде «Жасмин» мектеп-балабақша кешені ашылды. 200 орындық мектеп-балабақшаның мектебінде бастауыш 2 сынып,...