Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев тікелей эфирде баспасөз конференциясын өткізді. Ол өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуы және сан түрлі салада атқарылған жұмыстар туралы баяндады. «Өздеріңіз білетіндей, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н. Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан қаласының облыс орталығы болғанына небәрі бір жылдан аса уақыт өтті. Ежелгі түркі әлемінің талбесігі – Түркістан Елбасының стратегиялық маңызы зор шешімінен кейін дамудың жаңа сатысына көтерілді. Бүгінде 2 миллионнан астам тұрғыны бар өңірдің тыныс-тіршілігі жаңаша қалыпқа еніп, облыс орталығы – Түркістан алып құрылыс алаңына айналды», – деген өңір басшысы құрылыс жұмысы талапқа сай жүріп жатқанын жеткізді. Бүгінде көне шаһарда өңір әкімдіктері, ұлттық компаниялар және бизнес өкілдері тарапынан 28 нысанның құрылысы жүргізілуде. Әкімшілік-іскерлік орталығында облыс әкімдігінің, басқармалар ғимараттары мен Конгресс-холл және Медиа орталықтың, Нұр-Сұлтан алаңы, Қ.А.Яссауи мұражайы, оқушылар сарайы, стадион, музыкалық мектеп пен цифрлық кеңсе, бассейні бар спорт кешені, смарт сити байланыс желілері, олимпиадалық резервтегі спорт мектебі мен қалалық саябақ, туризм бағытындағы колледж және халыққа қызмет көрсету орталығы бой көтеруде. Биыл 11 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Ал, әкімшілік-іскерлік орталықта жалпы 2351 пәтерлік 52 тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қараша айында 205 пәтерді құрайтын 7 үйдің құрылысы аяқталады. Жоспар бойынша қалған 610 пәтерлік 19 үй жыл соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс.
Биылдан бастап Түркістан қаласын жасыл қалаға және ауа-райы қолайлы аймаққа айналдыру мақсатында шаһардың айналасында «Жасыл белдеу» қалыптастыру жұмыстары жүруде. «Жасыл белдеудің» жалпы аумағы 7700 гектар жерді құрайды. Жалпы облыс бойынша 2021 жылға дейін 3,5 млн. көшет егу жоспарланып отыр.
Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту тұрғысында азық -түлік белдеуін қалыптастыру және су нысандары жобалары іске асырыла бастады. Мәселен, Түркістан қаласы аумағында 11 мың гектар алқапта азық-түлік белдеуін қалыптастыру және ағын су тапшылығын жою мақсатында су нысандары құрылысын жүргізуге үлкен басымдық беріліп отыр. Агроөнеркәсіп кешені саласындағы «Түркістан агро» инвестициялық жобасы аясында облыста егісті алқапты жаңбырлатып суаруға мүмкіндік беретін машина трактор станциясы құрылуда. Осы мақсатта АҚШ-нан 18 бірлік суару машинасы және 27 ауылшаруашылығы техникасы сатып алынған.
Жалпы құны 1,5 млрд. теңгеге жуық қыруар жұмыс «Қазагрофинанс» АҚ-ның тарапынан лизингілік шарт негізінде несиелендірілуде. Жоба аясында «1200 басқа арналған тауарлы сүт фермасы» жобасы іске асырылуда. Айта кету керек, қазіргі таңда Түркістан облысында 9 индустриалдық аймақ құрылған. Аудан, қалаларда қаланған индустриалдық аймаққа 455 гектар жер бөлінген. 7-уіне инфраструктура тартылған. Жалпы құны 41 млрд. теңгені құрайтын 60-қа жуық жоба аясында үш жарым мыңнан астам адам жұмыспен қамтылмақ.
Облыс әкімі Арысты қалпына келтіру бағытындағы жұмыстарға да тоқталды.
«Биыл 24 маусымда Арыс қаласында төтенше жағдай орын алғаны белгілі. Осындай қиын сәтте біз елдігімізді, бірлігімізді көрсете білдік. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы жедел қалпына келтіру жөнінде тапсырма берді. Осыған сәйкес, арыстықтарға Үкімет тарапынан да, халық тарапынан да үлкен көмек көрсетілді, көрсетіліп те жатыр. ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің тапсырмасына сәйкес, Арыс қаласын шұғыл түрде қалпына келтіру үшін қала аумағын 17 секторға бөліп, республикалық маңызы бар қала мен облыс әкімдіктері тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілді», – деді Ө.Естайұлы.
14 облыс пен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласы бірігіп, зақым келген үйлерді қалпына келтірді. Арыс қаласында жалпы 8637 тұрғын үй (8534 жеке, 103 көпқабатты тұрғын үй) нысандары бар. Оның ішінде, 7163 тұрғын үй жөнделіп (7063 жеке, 100 көпқабатты тұрғын үй) және 470 үй (467 жеке, 3 көпқабатты тұрғын үй) қайта салынуда. Арыс қаласының инфрақұрылымы да күрделі жөндеуден өтуде. Қала көшелеріндегі ақауларды жою бойынша атқарылған іс-шаралар аясында жалпы ұзындығы 59,7 шақырымды құрайтын көшелерге жөндеу жұмыстары (асфальт жабындысын салу, аяқжол, су ағарлар, жарық шамдар орнату) жүргізілді. Жалпы 68 әлеуметтік нысанның жөндеу және құрылыс жұмысы қолға алынып, 62-сі пайдалануға берілді.
Түркістан облысында 2019 жылдың 8 ай қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 370,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 106,1% құрады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 447,5 млрд теңгеге, инвестиция көлемі 248,9 млрд. теңгеге жеткен. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің алаңы 424 мың шаршы метрді құрайды.