Бүгін «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Отырар ауданына барып, бірнеше тұрғынды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Зейнеткер Т.Асанов Тәліп елдік мәселені қозғай келіпті. Ақсақал диқандар үшін Сырдария өзенінен бастау алатын Ақын Жақып каналын күрделі жөндеуден өткізу жөнінде өтініш айтты. Бейсенбай Тәжібаев бұл республикалық деңгейде шешілетін мәселе екенін айта келе партия тарапынан тиісті орындарға ұсыныс берілетінін жеткізді.
Тағы бір тұрғын Қ.Асанов М.Шойманов ауылына газ құбырын жүргізу жұмысын жеделдету жөнінде өтінішін жеткізсе, Б.Байхұтов жас кәсіпкерлерге арналған жеңілдетілген несиеге құжат тапсырған. Бірақ ол берілмей келеді. Сол түйткілді шешуді сұрады. Қоғамдық қабылдауға келген өзге тұрғындар да инфрақұрылымды жақсарту жөніндегі арыз-шағым айтты.
Партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары тұрғындарға жауап беріп, бұл мәселелер партия бақылауына алынатынын, тиісті жұмыс атқарылатынын жеткізді. Тұрғындардың талап-тілектері тиісті хаттамаға енгізілді.
Осы жұмыс сапарында Б.Тәжібаев аудандағы бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жақсарту, Елбасы тапсырмасына сәйкес, жүйелі жұмыстар атқару жөнінде тапсырма берді. Өзекті мәселелерді талқылады. Бүгінде Отырар ауданында «Nur Otan» партиясының 15 бастауыш ұйымы бар. Онда партияның 3647 мүшесі біріктірілген. 2019 жылдың 10 айында партия қатарына 98 партия мүшесі қабылданып, 169 адам партия қатарынан шығарылды. Партияның аудандағы қоғамдық қабылдау бөлмесіне жыл басынан бері 123 арыз-өтініш келіп түскен. Оның 24-і жазбаша, 99-ы ауызша түрде келген. Арыз-шағымдардың 78-і (63,4%) оңтайлы шешіліп, 45 өтінішке заң аясында кеңестер берілген.«Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы тұрғындарды қабылдау, ашық диалог алаңдарын ашу бағытында жұмыстарды жалғастырады.