Бәрімізге белгілі, Елбасы, “Nur Otan” партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылғы тамыздың 17-сі мен қазанның 3-і аралығында праймериз өткізу туралы қаулыға қол қойды.
“Праймериз” термині АҚШ пен батыс елдерінің тәжірибесінде бар. Міне, осы демократиялық дәстүр Қазақстанға да келді. Бәсеке бар жерде алға жылжудың болатынын өмірдің өзі дәлелдеп келеді. Алға ұмтылу – қазіргі қоғамның басты шарты болып отыр. Сондықтан праймериздік жүйе, яғни “Nur Otanның” партияішілік іріктеуі жан-жақты тиімді. Мұнда Отанымыздың, қоғамның ашықтық үрдісіне үлесімді қосамын дейтін саяси амбициясы мықтылар ғана жүйрік шығады. Өйткені біздегі праймериз “Мықты лидерлер – мықты партия” қағидатымен өтеді. Демек, халық сөзін сөйлейтін, өңірлердің өзекті мәселелерін шешуде табандылық танытатын тұлғалар еліміздің көшбасшы партиясының мақтанышына айналады. Бұл праймериздік жол барлық деңгейдегі мәслихаттар мен Парламент Мәжілісіндегі тиімді депутаттық корпусты қалыптастырады.
Біздің Сайрам ауданы “Қайнарбұлақ” бастауыш партия ұйымында 500-ден астам “Nur Otan” партиясының мүшесі бар. Олардың көбісі ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық, кәсіпкерлік саласында жұмыс істейді. Міне, осы азаматтар идеологиялық зор маңызы бар праймериз кезінде білімді және қоғам алдында жауапкершілікті сезінетін кандидатты таңдай алады. Әрине, сосын ол тұлға ауыл-аймақтардағы халық үнінен толық хабардар болады. Бұл дода бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандырады, қалың бұқара елімізді дамыту мәселелерін талқылайды. Басты мақсат – елдің мұңын айтатын Лидерлерді табу. Праймериз ережесіндегі әлеуметтік топтар квотасы бойынша партиялық тізімде 30 пайыз әйелдер және 20 пайыз 35 жасқа дейін жастар болады. “Жас келсе, іске” деген, демек, жастардың жарқын үні мен нәзік қауымның айтарын ел еститін болады. Ендеше, парасаттылыққа жетелейтін партиялық праймеризге біркісідей қатысып, Елдіктің ерен жолына түсейік.
Сиқымбай САҒЫНДЫҚОВ,
Сайрам аудандық мәслихатының депутаты,
“Nur Otan” партиясы Түркістан облыстық филиалының
саяси кеңес мүшесі,
Сайрам аудандық филиалы саяси кеңес бюросының мүшесі, “Сыбайлас жемқорлықпен күрес іс-қимыл” қоғамдық кеңесінің төрағасы.