Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары А.Жабағының төрағалық етуімен және аудан кәсіпкерлерінің, ауылдық округ, кент әкімдерінің, бала бақша меңгерушілерінің қатысуымен cыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бойынша мәжіліс өтті, деп хабарлайды ALASHAQPARAT.KZ аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауданда өткен мәжілісте Елбасымыз Н.А.Назарбаевтың 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл – ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа жолдауы талқыланды.
Жолдаудың ІV тарауының үшінші тармағында: «Сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатын болады», деді Президент.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында мәжілісте заң бөлімшесінің бас инспекторы Ф.Сидиков баяндама жасап, жиналысқа қатысушыларға сыбайлас жемқорлық қылмыс бойынша жауапкершілікті көздейтін ҚР Қылмыстық кодексінің 366 бабы – пара алу, 367 бабы – пара беру, 368 бабы – парақорлыққа делдал болу баптарын түсіндіріп, пара алғаны үшін параның 80 есеге дейінгі мөлшерінде, пара бергені үшін параның 50 есеге дейінгі мөлшерінде, парақорлыққа делдал болғаны үшін параның 20 есеге дейінгі мөлшерінде айыппұл салу немесе 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін ескертті.
Сонымен қатар, қылмыстық жолмен алынған мүлік тәркіленіп, мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылатынын атап өтті. Жұмысты адал атқарып, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасамау жөнінде ескертілді.