Жыл соңына дейін Түркістан облысында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 46 жоба мен 168 іс-шара өткізу жоспарланған, деп хабарлайды ALASHAQPARAT.KZ өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Орталық коммуникациялық қызметі ұйымдастырған брифингте мәлімдеді.
Аймақ басшысы өз сөзінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының барлық басым бағыттары бойынша атқарылған нақты жұмыстар мен жүзеге асырылған ауқымды жобаларға кеңінен тоқталды.
«Елбасы өз сөзінде Түркістан облысының құрылуы рухани жаңғырудың басты, құнды шешімдерінің бірі екеніне тоқталып, Түркістанды түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру қажеттігі туралы нақты міндет қойды. Осы тапсырманы орындау мақсатында облыстағы қасиетті, киелі орындар мен туристік маңызы бар ескерткіштер бойынша 21 бағытта туристік маршруттар ашылды. Түркістан өңірімен мен Қазақстанның киелі жерлері картасына енген нысандар туралы бірнеше тілде арнайы роликтер және «Ontustik TourAudio» мобильді қосымшасы әзірленуде. Одан бөлек, киелі жерлер туралы ақпарат алудың қолжетімділігін, туризм саласының әлеуетін арттыру мақсатында туристердің жиі баратын 35 туристік нысанда QR-кодтар орнатылды. Кеше ғана тарихи шахарымызға миллионыншы турист аяқ басты. Бұл көрсеткішті өткен жылмен салыстырсақ, 57,2 пайызға өскенін аңғарамыз. Ал, алдағы межеміз, 2025 жылға қарай қаламызға келетін туристер санын 5 миллионға жеткізу көзделіп отыр», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Сонымен қатар, облыс әкімі биыл «Туған жер» жобасы аясында Түркістан өңірінде кәсіпкерлердің қатысуымен жалпы құны 28 млрд. теңгеден асатын 428 нысан салынып жатқанын айтты. Бүгінде оның 23-і іске қосылған.
Сондай-ақ, ұрпақты білімді, әрі рухани бай етіп тәрбиелеу бағытында өлкенің тарихын кеңінен тану, зерттеу мақсатында оқушыларға арналған «Өлкетану» оқулығы дайындалды. Одан бөлек, Түркістан қаласы бойынша тарихи-мәдени ескерткіштердің жинағы басылатын болады. Облыстағы айрықша маңызы бар тарихи-мәдени сәулеттік және археология ескерткіштерінің фотоальбомы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жасалынып, «Оңтүстіктің қасиетті орындары: аңыз-әпсаналар жинағы» мен «Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи орындары мен киелі жерлері» кітабы жарық көрді.
Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ордабасы – бірліктің туы» атты аннимациялық фильмнің түсірілімі аяқталып отыр. Сондай-ақ, «Түркістан», «Оқсыз» аннимациялық фильмдері мен «Төле би» телесериалының түсірілім жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, облыста ұмытыла бастаған салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғырту мақсатында және өңірдің туристік әлеуетін көтеру бағытында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, өңірдің табиғи және географиялық ерекшеліктеріне қарай әрбір аудан қалада бір-бірден «Наурыз Қазығұрттан басталады», «Қызғалдақ фестивалі», «Қымызмұрындық», «KASKASU» суретшілер планэрі», «Агро fеst», «Safari Shardara» жобалары сәтті жүзеге асырылды. Алдағы уақытта «Қасқасуға қар түсті», «Қасқасу мен Біркөлік арасындағы шаңғы шаттығы» байқауы, «Тау самалы – жан самалы», «Салбурын – саятшылық мерекесі» және «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Ұлттық қолөнер – ұлы мұра» атты іс-шараларын ұйымдастыру жоспарланған.