Бүгін «Nur Otan» партиясының «Open Space» форматындағы қоғамдық қабылдау бөлмесінде 10-нан астам тұрғынның өтініштері мен арыздары тыңдалды. Тұрғындарды “Халыққа көмек” бірыңғай әлеуметтік терезе” жобасы аясында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қабылдады.
Кентаулық Азамат Абдуваитов атаулы әлеуметтік көмекті толық ала алмай жүргеніне шағымданды. Бұл тұрғынның мәселесі партия бақылауына алынды. Кентаудағы жауапты бөлім басшысына шағымданушының жағдайы туралы айтылып, түйткіл шешілетін болды.
Ал Түркістандық Дастан Ысқақов медициналық мекемеден өзіне тиесілі дәрі-дәрмек ала алмай жүргенін және мүгедек қоларбасының талапқа сай еместігін айтып арызданды. Тұрғынның өтінішін мұқият тыңдаған Бейсенбай Дәулетұлы сол мезетте демеушілер арқылы қоларба мәселесін шешіп берді. Сонымен бірге дәрі-дәрмек алу мәселесі де бақылауда болады. Тұрғын партияның қабылдау бөлмесінде Түркістан қаласындағы медицинаға жауапты өкілдермен кездесіп, түйткілдің түйінін тарқатуға мүмкіндік алды.
Түркістандық тағы бір тұрғын Нұрлан Өтегенов та қоларбаның сапасыз әрі қолайсыздығын айта келіпті. Партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары бұл тұрғынға демеушілер арқылы қоларба алып беретін болды. Қос тұрғын да жанашырлық танытқан азаматқа алғысын айтты.
Осы деректерден мүгедектер арбасының сапасын бақылау керек екенідгі аңғарылды. Мемлекет тарапынан берілетін қоларбалар ыңғайлы әрі сапалы болуы тиіс. Жауапты басқарма бұл мәселені назарда ұстағаны жөн-ақ.
Қоғамық қабылдауға келген үш қызды жалғыз өзі тәрбиелеп отырған түркістандық Мөлдір Сәрсенбаеваның әлеуметтік жағдайы төмен. Тіпті, дүниеге жақында келген қызына жөргекпұл мен жәрдемақысын ала алмау дал болып жүр. Себебі, құжат рәсімдеуде қиындыққа тап болған. Оның үстіне жол ережесін бұзғаны үшін кішігірім әкімшілік айыппұлы да бар екен. Пәтер жалдап тұратын әйел темір-терсек жинап күн көреді. Партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары жалғызбасты анаға тиісті көмек көрсетілетінін, мемлекеттік бағдарламалар арқылы тиісті жеңілдігін алатынын жеткізді. Түркістан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жауапты өкіліне тұрғынға заң аясында көмектесу, комиссия арқылы тексеріп, «Қамқорлық» бағдарламасына енгізу жөнінде ұсыныс айтты. Көмек сұрай келген ананың әкімшілік айыппұлы мәселесін сол сәтте шешіп, жөргекпұлын және тиісті грантын алып, кәсіппен шұғылдануына жағдай жасалатынын жеткізді. Бұл бағытта жұмыс жүргізіледі.