Түркістан қаласында жалпы саны 875 көше бар. Олардың ұзақтығы шамамен 764 шақырымды құрайды. Оның ішінде 199 шақырымы асфальтты (26%), 262,5 шақырымы тас жол (34,3%), 302,5 шақырым топырақ (39,6%) жолдар. Бұл жөнінде Түркістан қаласы әкімдігінің «Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары» бөлімі ММ-нің басшысы Байдулла Оразбеков ALASHAQPARAT.KZ ақпараттықпорталыныңөңірдегі меншікті тілшісіменсұхбат барысында мәлім етті.
Ағымдағы жылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ тас жолынан «Отырар» мөлтек ауданына дейінгі автожолды күрделі жөндеуден, қосымша 12 көшеге орташа жөндеу және 39 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, маңызды жұмыстардың бірі қала көшелерінің басты қиылыстарына ақылды бағдаршамдар орнатылатындығы болып отыр.
– Түркістанға үстіміздегі жылы жергілікті бюджет есебінен 4 жаңа бағдаршам орнатылды. Бағдаршамдар ҚР СТ 1412-2017 Жол жүріс қағидалары талаптарына сәйкес орнатылуда. Түркістан қаласы облыс орталығы атануына орай қазіргі таңда қала көлеміндегі барлық бағдаршамдарды бір орталықтан басқару, яғни автоматтандыру мақсатында жоба әзірленуде. Алдағы уақытта қаламыздың басты қиылыстарына ақылды бағдаршамдар орнату жоспарлануда. Ақылды бағдаршамдардың басқа бағдаршамдардан артықшылығы – қиылыстардағы көлік легіне байланысты бағдаршам автоматты түрде жұмыс жасап, кептелістердің алдын алып отырады, – деді Байдулла Жұмадуллаұлы.