Алдымен аймақ басшысы Оранғай ауылдық округіндегі «Әл-Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне аялдады. 2016 жылы құрылған нысан көкөніс және жеміс-жидектерді қайта өңдеу, сақтау және дайын өнімді өткізу шаруаларын атқаруға бағытталған.
Кооперативтің жалпы жер көлемі – 300 гектарды құрайды. Онда 50 гектар алма бауы, 30 гектар жүзім, 40 гектар алхоры, 40 гектар абрикос, 140 гектар бақша, көкөніс дақылдары егілген. 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Мекеме жылына 450 мың литр жеміс-жидек шырынын, 1500 тонна көкөніс маринадын, 1200 тонна томат, алма, асқабақ езбелерін дайындауға қауқарлы. Кооперативіне 2018 жылдың 11 айында жалпы соммасы 292 млн. теңгені құрайтын 1950 тонна тауар өндірген. Оның 1200 тоннасы ішкі нарыққа өткізілсе, 750 тоннасы Ресей Федерациясына экспортталған.
Қазіргі таңда аталған мекеме ауыл шаруашылық дақылдарын алу жөнінде жалпы жер көлемі 350 гектар құрайтын 7 ауыл шаруашылық тауар өндірушілерімен келісім шарт жасасқан.