Түркістан облысы бойынша ағымдағы жылы 131 мың гектар алқапқа мақта дақылы егіліп, 343,6 мың тонна шитті мақта жинау жоспарлануда. Өңірде бүгінгі таңда 25,8 мың тонна шитті мақта жиналды, ол жалпы қордың 8%-ы. Аймақта қайта өңдеумен айналысатын 16 зауыттың 7-і шитті мақтаның 1 тоннасын 150 мың теңгеден қабылдауды бастады. Бүгін бұл туралы Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мәлімдеді.
Сондай-ақ, облыс аумағында жиналған шитті мақтаны алғашқы өңдеуден өткізетін 16 лицензияланған мақта өңдеу кәсіпорындарының 184 қабылдау бекеттері жұмыс істеуде.
«Шаруаларды қолдауға орай, өнімдерге субсидия төленетін болады. Бұл бағытқа 1,9 млрд.теңге қаржы қаралған. Мәселен, мақта өніміне субсидия алу үшін мақта өңдеу зауытына қайта өңдеуге тапсырылған шитті мақтаның 1 тоннасына 12 мың теңге төленсе, қайта өңдеуге тапсырылған немесе сәйкестік сертификаты бар өңдеуге өткізілген күріштің 1 тоннасына 4 мың теңге субсидия беріледі», – деді Нұрбек Бақтыбайұлы.
Айта кетерлігі, шаруалар субсидия алу үшін өзінде қайта өңдеу кәсіпорнымен жасалған ауыл шаруашылығы өнімін тапсыру туралы шарттардың, сондай-ақ қайта өңдеу кәсіпорны мен ауылшартауарөндіруші немесе ауылшаркооперативі арасында ауыл шаруашылығы өнімін беруді растайтын құжаттардың және қайта өңдеу кәсіпорны шеккен шығындарды растайтын төлем құжаттары болуы қажет.
ТҮРКІСТАН: САУРАНДА ҚОС НЫСАН АШЫЛДЫ
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Сауран ауданы, Қарашық ауылдық округінде «Жасмин» мектеп-балабақша кешені ашылды. 200 орындық мектеп-балабақшаның мектебінде бастауыш 2 сынып,...