Мен таяуда ғана «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының кезектен тыс XL конференциясына қатысып, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер ретінде дебатқа түстім. Мен үшін бұл жиын басқаларынан өзгерек болды. Себебі, онда елдің дамуына өз үлесімді қоссам деген жалынды жастар, өзінің іскерлігімен үлкен жетістіктерге жеткен кәсіпкерлер, әлемдік додаларда топ жарып жүрген өнер адамы және өзге де салалардағы білгір мамандар менің дебаттағы қарсыластарым болды. Ел ішінен осындай білікті де, белсенді жаңа есімдерді іріктеп, алдағы сайлауға қатысуына мүмкіндік жасау праймериздің алғашқы жемісі деп есептеймін.
Ал, праймериздің екінші жетістігі – партияның сайлауалды бағдарламасы дер едім. Өйткені, өңіріміздің аудан, қалаларында көптен бері шешімін таппай келе жатқан қордаланған мәселелерді анықтап, оның шешілуіне ықпал етуді «Nur Otan» партиясы өзінің жұмыс жоспарына енгізіп отыр. Оның қатарында халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған экономикалық, кәсіпкерлік, әлеуметтік, білім, денсаулық сақтау сынды аса маңызды деген салалардан бастап барлық бағыттар қамтылған.
Ендігі жерде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің үміткерлері тізіміне жаңадан қосылып отырған азаматтар өздерінің білімі мен тәжірибесін партияның сайлауалды бағдарламасына енгізілген мәселелердің шешілуіне сарқа жұмсайтынына сенемін. Яғни, бұл болашақ мәжілісмендер үшін праймериздің үшінші жемісі саналмақ.
Қазіргі таңда мен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі депутатық мандатымды пайдалана отырып, халықтың мүддесіне негізделген заң жобаларының қабылдануына қолымнан келгенше атсалысып келемін. Осы ретте бүгінге дейін заң шығару саласында жинаған тәжірибемді елдің даму жолында жұмсап, үлес қосуыма мүмкіндік беріп отырған Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлына, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына және сенім артқан барлық партияластарыма алғысымды білдіргім келеді.
Праймериздің тағы бір тиімділігі – халық өз таңдауын жасап, лайықты деген тұлғаларына сенім білдіріп отыр. Яғни, праймериз сайлау науқанын жеңілдетіп, заманауи үлгіде соңғы технологиялардың көмегімен таңдау жасауға мүмкіндік берді. Бұл тәсіл әсіресе коронавирус індеті белең алып тұрған шақта біраз қауіптің алдын алғаны даусыз. Болашақта праймериз еліміздің басқа да сайлау додаларында кеңінен қолданысқа ие болатыны сөзсіз. Осы ретте мен әлемдік қолданыстағы жүйені енгізіп, оның тиімділігін дәлелдей түскен партия басшылығына ерекше алғыс білдіргім келеді.
Құдайберген Ержан,
ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты,
Праймериз жеңімпазы.