Еліміздегі пандемия жағдайына байланысты 2020 жылдың 15-наурызында енгізілген төтенше жағдай режимі кезіндегі шектеулер кәсіпкерлердің жұмысын уақытша тоқтатқан болатын. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында пандемияның бизнеске кері әсерін азайту үшін кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетілді. Салық салу мәселелері бойынша экономиканы тұрақтандыру мақсатында бірқатар шаралар қабылданды.
Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер Департаментінің баспасөз хатшысы Баян Тұлғабаеваның айтуынша, 2019 жылғы міндеттемелер бойынша салық есептілігін тапсыру мерзімі 2020 жылғы 31 наурыздан 2020 жылғы 31 мамырға ауыстырылған.
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне қосылған тауарларды өткізу айналымдарын жасаған және олардың импорты кезінде ҚҚС мөлшерлемесі 8% болып белгіленді. Атап өту керек, төтенше жағдайдың енгізілуіне және салық саясатының мәселелері жөнiндегi шаралар бойынша ҚР Үкіметінің 27 наурыздағы №141 қаулысы бойынша ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес микро, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілеріне салық және кеден берешегін, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу 2020 жылғы 1 маусымына дейін тоқтатылған болатын. Яғни, 1 маусымнан бастап мәжбүрлеп өндіру шаралары автоматты түрде қолданыла бастайды. Ал, егер де салық қарыздарын төлеуге қаражат болмаған жағдайда, Салық кодексінің 51 бабына сәйкес, тиісті талаптарды сақтай отырып, төлеу мерзімін өзгертуге, яғни қарызын төлеуді 6 ай кейінге қалдыруына немесе 3 жыл ішінде бөліп төлеу жеңілдіктерін қолдануға болады», – деді Баян Тілегенқызы.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі