Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлардың «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің жұмысына ресми түрде бастау берді. Бұл іс-шараны Түркістан жастары тікелей эфир арқылы тамашалады. Салтанатты жиында біршама мәселелер айтылып, маңызды шешімдер қабылданды. Еріктілерге үлкен қолдау көрсеткен мемлекет басшысының бастамасына жастарда қолдау білдіруде.
– Волонтерлік жұмыстың еңбек өтіліне жататындығы жастарға беріліп отырған үлкен қолдау деп есептеймін. Студенттер оқу орнын бітіргенде еңбек кітапшасына ерікті бола жүріп атқарған қызметі жазылады. Ал, қосымша шәкіртақының төленуі үлкен қолдаудың белгісі. Бұл жыл баршамызға, әсірсе жастарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан, баршаңызды ел Президентінің бастамасына белсенділікпен қатысуға шақырамын – дейді, “Nur Otan” партиясы Түркістан облыстық филиалы “Jas Otan” жастар қанатының төрағасы Жансерік ЖҰМАН.
Қазір Түркістан облысында 5000-нан астам волонтер бар. Алдағы уақытта олардың қатары 10000-ға көбемек. Ал, «Волонтерлар жылында атқарылатын жұмыстарды қазірдің өзінде бастап кеттік» – дейді, Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Амалбек ӨМІРТАЙ.
– Волонтерліктің «Bilim», «Qamqor», «Úmit», «Sabaqtastyq», «Taza Álem» және «Saulyq» атты 7 салалық бағыты бойынша жұмыс жасаймыз. Аталған жобаларды жүзеге асыру аясында азаматтардың жергілікті мәселелерді шешудегі талпынысын қолдау үшін шағын гранттар бөлу қарастырылуда. Еріктілерді материалдық және рухани, мәдени-тарихи мұраларды сақтау жұмыстарына тарту бағытында құрылған «Асыл Мұра» жобасы біздің облыста кеңінен жүзеге асады. Аталған бағыт аясында «Әлемге құшақ ашқан – Түркістан», «Қазығұрттың басында кеме қалған», «Open Еnglish» секілді бірнеше жобалар бастау алды. Алдағы уақытта да үлкен істерді атқарып, игі бастамаларға ұйытқы боламыз. Түркістан жастары Президент бастамасын толығымен қолдайды – дейді ол.
Сондай-ақ, алдағы уақытта аудан, қалалық жастар орталықтарының жетекшілігімен 1000-ға жуық мектепте волонтерлікті негіз еткен өзін-өзі басқару ұйымдарының жұмыстарын жетілдіріп, жастарды оқытып, методологиялық көмек көрсетілетін болады. Ең бастысы, еңбегімен ерекшеленген волонтерлер мемлекеттік наградаларға ұсынылмақ. Ерікті болу – ерлік екендігін ескерсек, елдің дамуына өз үлесімізді қосайық.