Қазақстанның жауынгерлік өнер ассоциациясы Әз-Наурыз мерекесін атап өту іс-шара жоспарына сәйкес, 19 наурыз күні – «Шымырлық пен шеберлік күні» аясында ассоциациясы Түркістан қаласындағы жаттықтырушылары мен спортшылары дендросаябаққа қарағай, шырша, қара ағаш сынды 100-ге жуық көшет отырғызды. Шараға «Түркістан облысы бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің Құрметті Президенті, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы, генерал-майор Әбілсейіт Дүйсебаев қатысты.
«Әрине, кішкентай ғана ісіміз арқылы Түркістанның гүлденуіне үлес қосуды мақсат еттік. Қолымыздан келгенше көпшілікке үлгі болуға тұрарлық әрекет жасағымыз келді. Болашақта көшеттер бауға айналып, қала тұрғындары мен қонақтары саясында демалатын жерге айналса біз үшін қуаныш болары анық. Негізінен 30 данадан үш түрлі көшет егудің өзіндік мәні бар. Баршаға мәлім, биыл ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы. Сондықтан, Егемендікке тарту болсын деген ниеттеміз», – деді Әбілсейіт Оразақынұлы.
Сондай-ақ, облыс орталығында жауынгерлік өнер қауымдастығы ұжымы қайырымдылық шарасына ұйытқы болды. Әз-Наурыз мейрамы қарсаңында «Игі істер күні» аясында аз қамтылған 30 отбасыға азық-түлік себеттері үлестірілді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі