“Әрбір мемлекеттің, әрбір облыстың, әрбір қаланың тарихында жауапты кезеңдер болады. Биыл 19 маусымда Елбасы Жарлығымен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып құрылып, оның орталығы деп Түркістан қаласы бекітілді. Бұл тарихи шешімге 2 ай жетер-жетпес уақыттың өзінде біз тынбай жұмыс істеп, Елбасы Жарлығын орындауға бар күшімізді салдық. Түркістан қаласында облыс әкімдігіне қарасты 24 басқарма мен облыстық мәслихат, қоғамдық кеңес пен департамент қызметкерлері отыратын кеңселер даярланды. Бүгін біз үлкен көшті бастайын деп отырмыз. Кезінде Елбасы Астанаға көшер кезде «Алматыға сыймай емес, Алматыны қимай кетіп барамыз» деген екен. Біз де Шымкентке сыймай емес, оны қимай кетіп барамыз. Түркістан — бар қазақтың рухани астанасы. Сондықтан оны дамытуға, өркендетуге күш салуымыз қажет. Шежірелі қаланың туристік әлеуеті көтеріліп, жаңа жұмыс орындары ашылады. Міне, енді Түркістан облысы мен Түркістан қаласының жаңа дәуірі басталды “, – деді әкім.
Шымкенттен көшіп шығу салтанатты шарасында белгілі жазушы, «Алаш» халықаралық сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт пен Мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметовтер құттықтау сөз сөйлеп, әкімдік қызметкерлеріне қызметте жетістіктер мен табыс тіледі. Шара аясында шығарып салу шарасына келушілерге қымыз сусыны мен бауырсақ таратылып, тарихи көштің көрігін ашты.
Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев бастаған көштің құрамында облыс әкімінің орынбасарлары және аппарат басшысы, облыстық мәслихат хатшысы мен аппараты, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы және аппараты, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары және қызметкерлері, облыстың зиялы қауым өкілдері, облыс ардагерлері, құзырлы орган басшылары, әкім аппараты қызметкерлері, 28 аумақтық департаменттің басшылары мен қызметкерлері, 24 облыстық басқарма басшылары мен қызметкерлері, республикалық және жергілікті БАҚ өкілдері сынды, жалпы саны, 1 мыңға жуық адам бар.
11 автобусқа жайғасқан көш құрамын Түркістан шаһарының әкімдігі күтіп алды.
Еске салайық, биыл, 19 маусымда Елбасы – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысын Түрістан облысы деп қайта құру және оның орталығын Шымкенттен Түркістан қаласына көшіру туралы тарихи Жарлыққа қол қойған-ды. Елбасының бұл шешімі – Түркістанның қайта түлеп, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосатын жаңа орталыққа айналуына жол ашты. Облыс орталығы атанған Түркістан қаласы ендігі жерде еліміздің ғана емес, бүкіл Орта Азияның, тұтас түркі әлемінің белгілі сауда-экономикалық және рухани-мәдени орталықтарының бірі болары сөзсіз.