Балуан Шолақ спорт кешенінде 2001-2002, 2003-2004 жылдары туылған жасөспірімдер арасында волейболдан ҚР чемпионаты басталды, деп хабарлайды ALASHAQPARAT.KZ тілшісі.
Спорттық доданың басты мақсаты – Түркістан қаласының тумасы Қазақстан және Орта Азия республикаларының арасында тұңғыш спорт шебері атанған Октябрь Жарылқаповты еске алуға арналған.
Турнирдің ашылуында қала әкімінің орынбасары Ғ.Рысбеков, қалалық мәслихат хатшысы Ғ.Сәрсенбаев, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қ.Айдарбековтер құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі. Ал, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Ілиясұлы қол добының шеберлеріне қаламызда стадиондар, кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебі, атшабар сынды спортық нысандардың 2020-2021 жылдары салынып, пайдалануға берілетіндігін айтып, жағымды жаңалықтармен бөлісті.
Ел біріншілігіне республикамыздың түкпір-түкпірінен келген он бес команданың құрамында өнер көрсететін 200-ден астам волейболшы бақтарын сынауда. Үздік үштікке медальдар, кубоктар, грамоталар мен дипломдар, сондай-ақ үздік ойыншыларға сый-сияпаттар табысталатын болады. Алты күнге созылады деп жоспарланған сайыс қорытындысы үшінші қараша күні белгілі болмақ.