Бұл туралы Түркістан қаласында «TÚRKISTAN: JAŃA AQPARATTYQ KEŃISTIK» атты халықаралық журналистер форумында Астана мен Алматыдан келген журналистер пікір білдірді, деп хабарлайды ALASHAQPARAT.KZ тілшісі.
Яғни, “Ана тілі” газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан Түркістан қаласынан Түркі жұртына хабар тарататын телеарна ашылса десе, “Егемен Қазақстан” газетінің басқарма төрағасының орынбасары Айбын Шағалақ түркі елдеріне ортақ ақпараттық кеңістіктің қажеттігіне тоқталып, тілшілердің тәжірибе алмасуы және барлық жаңалықтар бір ақпараттық порталда орналасса деген ұсынысын айтты.
Әзірбайжанның ITV телерадиокомпаниясының Қазақстандағы өкілі Мажиди Фузули Түркістанның облыс мәртебесін иеленуі түркі жұртына серпін бергенін айтып, бірінші кезекте ынтымақтастықты арттыратын ақпараттық байланыс екендігін баса айтты.
Форумға түркі тілдес елдерден арнайы шақырылған ақпарат құралдарының жетекшілері мен өкілдері алдағы уақытта облысты халықаралық деңгейде насихаттауға үлес қоспақ. Сондай-ақ шынайы әрі сапалы ақпарат арқылы туризмді дамытып, инвестиция тартуға көп көңіл бөліп отырғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, форум барысында Қазақстанға белгілі журналистер мен шетелдік БАҚ өкілдері осындай еркін пікір алаңын құру ақпарат кеңістігінің ашықтығын одан әрі арттыруға мүмкіндік беретініне назар аударды.
Форум аясында Түркістан облысы ішкі саясат барқармасы мен шетел басылымдары арасында келісімдер мен меморандумға қол қойылды. Жаңадан ашылған «Түркістан медиа» халықаралық орталығы арқылы енді облыс туралы ақпараттарды түркі тілдес елдердің БАҚ-да 5 тілде (әзірбайжан, түрік, өзбек, қырғыз, орыс) тарату жөнінде шетелдік ақпарат құралдарымен келісім жасалды. Сондай-ақ форумда Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда БАҚ өкілдеріне де үлкен жауапкершілік жүктелетіні айтылды.