Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығының ерікті жастардан құралған арнайы еріктілер тобы коронавирус пандемиясының алдын алу шараларын ұйымдастырды. Жастар қала тұрғындары мен көше бойындағы қоғамдық жұмыста жүрген қызметкерлерге, құрылыс алаңдары мен аялдамаларда тұрған көпшілік қауымға 2000-ға жуық медициналық қорғаныс бетперделері мен 10 литрге жуық антисептикалық сұйықтықтар таратты. Облыс жастары мен еріктілер, аудан, қалалардағы көмекке мұқтаж топтарға көмек көрсету жұмыстарын жалғастыруда.
Осы орайда Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері мен ерікті жастар бірлесе отырып Кентау, Арыс қалаларындағы отбасы үлгісіндегі балалар үйі мен мектеп-интернатына барды. Онда короновирустың алдын алу шаралары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, балалар үйіне медициналық залалсыздандыру сұйықтықтары және тазартқыш құралдарын, сондай-ақ қорғаныс бетперделері мен дәрі-дәрумендер сияқты қазіргі жағдайда аса қажетті заттарды таратты. Сондай-ақ көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсету жұмыстары бойынша Төлеби, Сайрам ауданы мен Шымкент қаласында орналасқан облыстық отбасы үлгісіндегі балалар үйі мен қарттар үйін, мектеп–интернаттарына да осындай қолдаулар көрсетті.
Айта кетейік, облыс жастары мен еріктілер тарапынан қамқорлық таныту бағытындағы бұл игі іс-шаралар алдағы уақытта да облыстың барлық аумағында тұрақты түрде жалғасатын болады.
Түркістан облысы Жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметі