Бүгінде еліміздегі білім беру жүйесін жетілдіру, кәсіби деңгейге жеткізу – қоғамдағы жиі талқыланатын өткір мәселеге айналып отыр. Әсіресе, педагог қызметкерлерінің кәсіби дағдыларын арттыру, елдегі білім беру саласын дамытуға қосар үлесі мол екендігі айқын. Былтырғы өткен Тамыз конфернсиясында мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаев: «Бәріміз Қазақстанды гүлденген, дамыған елге айналдыруға ұмтыламыз. Бұған жетудің кілті – сапалы және қолжетімді, қазіргі заманғы білім. Осы салаға қуатты күш беру маңызды болып отыр», – деген болатын. Яғни, мемлекеттің гүлденуінде, қарыштап дамуында білімнің, ғылымның атқарар рөлі қашанда маңызды. Осы тұста Республикадағы мемлекеттік және қоғамдық, ғылыми мекемелермен еркін жұмыс жасап келе жатқан Ахмет Байтұрсынұлы БІЛІМ АКАДЕМИЯСЫ үлкен үлес қосуда. Академияның басты мақсаты да осы – ұлттық педагогикамыздың, мәдени әрі рухани аспектілерін және білім берудің заманауи жетістіктерін ұштастыра отырып, еліміздің білім беру жүйесін жетілдіру болып табылады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу-тәрбие ісі түзелмей, жұрт ісі түзелмейді» деген маңызды үндеуін ұран еткен А.Байтұрсынұлы Білім академиясы – негізгі 5 бағыт бойынша жұмыс жасап келеді. Олар: Біліктілік арттыру курстары; Тіл үйрету; Гранттық жобаларға қатысу; Латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиін үйрету; Қоғамдық, ғылыми т.б. іс-шараларды ұйымдастыру.
Мұндағы негізі міндет – педагог қызметкерлермен кез-келген қоғам мүшелерінің тұлғалық қасиеттерін, кәсіби дағдыларын арттыру, бүгінгі және болашақтағы талаптар мен сұраныстарға сай дамуына мүмкіндік беретін жан-жақты білім беру қызметтерін көрсету. Оның ішінде: орта білім саласына қатысты заманауи курстар базасын қалыптастыру, латын графикасын оқыту механизмін дамыту, қазақ тілін оқытуда заманауи технологияларды қолдану жолдарын ұсыну, Педагог қызметкерлердің кәсіби құзіреттілігін арттыру, Ғылыми институттармен бірлесе теориялық және тәжірибелік жұмыстарды ұштастыру, Халықаралық байланыстар орнату және тәжірибе алмасу сияқты бағыттар жүзеге асырылуда. Академия құрамында ғылым докторлары, зерттеушілер, әдіскерлер, тәжірбиелі педагогтар, білім беру саласының белсенді өкілдері жұмыс жасайды. Осындай өз орнын қалдырған ғылым докторлары мен тәжірбиелі әдіскер-тренерлерді, талапты да, ізденімпаз жас мамандарды тарту арқылы түрлі ауқымдағы жобалар атқарылуда. Мәселен, биылғы жылы Білім академиясы «Birgemiz: Bilim» жобасын Республикадағы Ақтөбе, Маңғыстау, Түркістан облыстарында жүзеге асырып келеді. «Birgemiz: Bilim» жалпыұлттық жобасының мақсаты – ауылдық мектептердегі жоғарғы сынып оқушыларына волонтерлер-оқытушылардың білім беру қызметтерін ұсынуға көмек көрсету болып табылады. Жобаның бағыттарына тоқталсақ:
Құқықтық сауаттылық семинары; ҰБТ-ға дайындық курсы; Ағылшын тілін үйрету курсы; Компьютерлік сауаттылық; Пәндік олимпиадаға дайындық курсы; Ғылыми жобаға дайындық курсы; Бұл бағыттардың ішіндегі Ұлттық біріңғай тестілеу курсына Түркістан облысының оқушылары сәуір айының 20 жұлдызынан бастап, маусым айының 14–не дейін белсенді қатысып, өз білімдерін шыңдап шыққан еді. Атап айтқанда: Сайрам ауданы – 50 оқушы;
Созақ ауданы – 50 оқушы; Мақтаарал ауданы – 50 оқушы; Келес ауданы – 50 оқушы. Жалпы 200 бітіруші түлек өз дайындықтарын осылай арттырды. Айта кетейік, аталған жобаға – аз қамтылған отбасы, көп балалы отбасы, мүмкіндігі шектеулі отбасы, асыраушысынан айрылған отбасылардың 200 балалары қатысқан болатын.
Ал, Оқу сауаттылығы, Математика сауаттылығы, Қазақстан тарихы, Физика, Химия, Биология, География, Дүниежүзі тарихы, Ағылшын тілі, Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің 25 волонтерлері курсқа қатысушыларға тапсырма беріп, тексеріп отырған. Сабақ Google Classroom платформасында өтіп, күн сайын 9:00-де оқушыларға видео-тапсырмасымен салынып отырған. Салынған тапсырманы оқушы сол күні түнгі сағ, 00.00-ге дейін орындап волонтерлерге жіберіп отырған.
Ал, ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ СЕМИНАРЫНА ӨҢІРДЕН 300 оқушы қатысып, Сарыағаш, Жетісай, Қазығұрт, Отырар ауданы, Шардара аудандарының әрқайсысынан 60 оқушы қатысты. Сондай-ақ, 20 волонтерлер тағы бар.
Сонымен қатар, «Birgemiz: Bilim» жобасына қатысқан оқушылар:
“Birgemiz: Bilim” жобасының амбассадоры Эмин Аскеровпен, “Ұлттық тестілеу орталығы” РМҚК директоры Смағұлов Дидар Нұркенұлымен, “Жетістік формуласы – 140” (2018, 2019 жылдары 140 балл жинаған түлектерімен), “Мамандыққа бағдар” BTS Education компаниясының директоры Саясат Нұрбекпен онлайн кездесіп, пікірлесіп сұрақтарын қойған.
Осының нәтижесінде мектеп оқушылары өз білімдерін жетілдіріп, білмеген көп сұрақтарына жауап алып, білім алуға деген құлшыныстары арта түскен.
Расымен де, қазіргі қоғам – кәсіби білімі жетік, құзіреті бәсекеге қабілетті мамандарды талап ететіні сөзсіз. Ал, мұндай мінсіз мамаман болу үшін, әрине – әрбір білім алушы өз білім деңгейін үздіксіз көтеріп отыруы қажет. Бұл тұста Ахмет Байтұрсынов Білім академиясы – әлі талай игі бастамалары мен тың идеяларын еліміздегі білім беру жүйесіне енгізіп, жас ұрпақтың сапалы білім алуына, мұғалімдердің кәсіби құзіреттілігін дамытуға, өлшеусіз үлес қосады деп сенеміз!
Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының баспасөз қызметі