Қаржылық сауаттылық – қазіргі нарықтық заманда аса қажетті фактордың бірі. Абай айтатынындай, мақсатсыз «мал шашпақтық» – қажетсіз қасиеттің бірі екенін замана дәлелдеп отыр. Өлең жолдарындағы «Астындағы жалғыз атын сойып беріп, жүген ұстап қалады-ау ертеңіне» дейтін қанымызға сіңген даңғазалықтың соңы қандай болатыны белгілі. Сондықтан бұл күні кез-келген нәрсені жеті рет өлшеп, бір рет қана кесу керек. Маңдай термен табылған ақша – мақсатты жұмсалу керек. Табыстың берекесі деген де сол.
Қазіргі таңда адамның әл-ауқаты тек табыс көлемімен өлшенбейді. Тапқан қаражатын тиімді жұмсау, шығынды жоспарлау, жинақ қалыптастыру және қаржылық тәуекелдерді бағалай білу де маңызды. Сондықтан қаржылық сауаттылық – жеке тұрмыстың тұрақтылығын қамтамасыз ететін әрі ел экономикасының дамуына ықпал ететін маңызды фактор. Қаржылық сауаттылық дегеніміз – кіріс пен шығысты есепке алып, отбасылық бюджетті дұрыс жоспарлау, несие шарттарын түсіну, жинақ жасау және ақшаны басқару қабілеті.
Мұны түсіну үшін қарапайым мысалға жүгінейік. Ай сайын 300 мың теңге табатын екі адамның тұрмысын салыстырып көрейік. Біріншісі – жалақысы түскен бойда ақшасын жоспарсыз жұмсап, ай соңында қарыз іздеуге мәжбүр болады. Екіншісі – тұрғын үйге, азық-түлікке, жолақыға және басқа қажеттіліктерге кететін шығынын алдын ала есептеп, мүмкіндігіне қарай жинаққа ақша бөледі. Екеуінің табысы бірдей болғанымен, қаржыны басқару тәсілі әртүрлі нәтиже береді. Қаржылық қиындықтардың бір себебі – табыстың аздығы болса, екінші себебі – қаражатты жоспарсыз жұмсау. Кейде күнделікті ұсақ шығындардың өзі айтарлықтай соманы құрайды. Мәселен, адам күн сайын қажетсіз заттарға немесе жоспарланбаған сатып алуларға 1 500 теңгеден жұмсаса, бір айда 45 мың теңгеге шығынданады. Ал осы қаражаттың бір бөлігін үнемдеп, жинаққа бағыттаса, уақыт өте келе елеулі қаржы қалыптастыруға болады. Бұл үнемдеу үшін басқадан бас тарту керек деген сөз емес. Ең бастысы – қажеттілік пен қалауды ажырата білу.
Отбасылық бюджетті жоспарлау үшін міндетті түрде күрделі есеп жүргізудің қажеті жоқ. Қағазға немесе телефондағы жазбаға айлық табыс пен шығынды түсірудің өзі жеткілікті. Мысалы, жалақы түскен кезде алдымен коммуналдық төлемдерге, азық-түлікке, жолақыға, балалардың қажеттілігіне және басқа міндетті шығындарға кететін соманы бөліп қойған жөн. Содан кейін ғана қосымша сатып алуларға жұмсалатын қаражатты анықтауға болады. Осылайша, ақша қайда жұмсалып жатқанын бақылап, артық шығындарды азайтуға мүмкіндік туады. Өкініштісі, қазір көп шығын – қажетсіз отырыстырға мен себепсіз жиындарға кетіп жатады. Артық ысырап – берекені қашырады. Бұл жағын ойластыру керек.
Қаржылық сауаттылықтың маңызды бағыттарының бірі – несие мәдениеті. Қарыз алу оңайлағанымен, оны қайтару жауапкершілігі өзгермейді. Мысалы, азамат тұрмыстық техника сатып алу үшін несие рәсімдемек болды делік. Ол тек ай сайынғы төлемнің көлеміне назар аудармай, тауардың қолма-қол бағасын, несиенің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін, қосымша төлемдерін және соңында қанша ақша қайтаратынын салыстыруы қажет. Өйткені ай сайынғы төлем аз көрінгенімен, ұзақ мерзімде артық төленетін сома едәуір болуы мүмкін. Несие аларда адамның тұрақты табысы мен басқа міндеттемелерін де ескерген жөн. Мысалы, ай сайынғы табысының едәуір бөлігі қарыз төлеуге кететін отбасы күтпеген емделу немесе жұмыссыз қалу жағдайында қиындыққа тап болуы мүмкін. Ал бірнеше несиені қатар алып, бірінің төлемін екіншісімен жабу борыштық жүктемені одан әрі арттырады. Сондықтан қарызға кірмес бұрын «Бұл зат маған дәл қазір қажет пе?», «Төлемді табысымнан уақытылы өтей аламын ба?» деген сұрақтарға жауап берген дұрыс. Сондықтан экономистер «әйтеуір бір қажет нәрсеңе емес, мұқтаж нәрсеңе ғана қаржы жұмса» дейді.
Жинақ қалыптастыру да қаржылық тұрақтылықтың маңызды шарты. Мәселен, адам ай сайын 10 мың теңгеден жинап отырса, бір жылда 120 мың теңге қаражат жинайды. Бұл ақша күтпеген тұрмыстық шығындарды өтеуге немесе маңызды қажеттілікке жұмсауға көмектеседі. Әрине, жинақтың көлемі адамның табысы мен отбасының жағдайына байланысты. Маңыздысы – көп ақша жиналғанша күтпей, қолжетімді сомадан бастап, тұрақты түрде жалғастыру.
Бүгінде цифрлық қаржылық қауіпсіздік мәселесі де өзекті. Интернет-алаяқтар азаматтарға телефон шалып, өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, шоттағы ақшаны «қауіпсіз жерге аудару» керектігін айтуы мүмкін. Кейде олар банк картасының деректерін немесе SMS арқылы келген кодты сұрайды. Мұндай жағдайда әңгімені тоқтатып, банкке ресми нөмірі арқылы өзіңіз хабарласқаныңыз дұрыс. Банк картасының құпия деректерін, құпиясөздерді және растау кодтарын бөгде адамға беруге болмайды. Сондай-ақ әлеуметтік желідегі күмәнді сілтемелерді ашпай, белгісіз адамдардың өтінішімен телефонға қосымша бағдарламалар орнатудан сақтану қажет.
Қаржылық сауаттылықты қалыптастыру отбасыдан басталуы тиіс. Балаларға ақшаның қайдан келетінін, оны табу үшін еңбек қажет екенін және қаражатты жоспарлау маңызды екенін түсіндіру керек. Мысалы, балаға белгілі бір сомада ақша беріп, оны бірнеше күнге немесе аптаға жоспарлап жұмсауды үйретуге болады. Егер ол барлық ақшасын бірден жұмсап қойса, келесі қаражат түскенше күту қажеттігін түсінеді. Бұл қарапайым тәжірибе баланың жауапкершілігін арттырып, болашақта қаржыны дұрыс басқаруына негіз қалайды.
Түйіндей айтқанда, қаржылық сауаттылық – ақшаны үнемдеумен ғана шектелмейтін өмірлік дағды. Ол күнделікті шығынды есептеуден, қажетсіз сатып алудан бас тартудан, несие шарттарын мұқият оқудан, жинақ қалыптастырудан және алаяқтықтан сақтанудан көрінеді. Адамның табысы қандай болса да, қаражатын саналы басқаруды үйренуі маңызды. Өйткені қаржылық тұрақтылық бір күнде қалыптаспайды, ол күнделікті дұрыс шешімдер мен жауапты әрекеттердің нәтижесінде нығаяды.
Төребек Төрекелдіұлы, Журналист, ҚР Ақпарат саласының үздігі






















