Арыста қалалық «Әжелер алқасының» 10 жылдығына орай «Әже – ұлт ұйытқысы» тақырыбында қалалық мәдениет сарайында салтанатты шара өтті.
Мерекелік кеште шаһар басшысы Гүлжан Құрманбекова әжелер мектебі – бүгінгі қоғамда баға жетпес байлық, бойға тереңнен сіңіретін тәрбие құралы екендігін айтты. Игі шараға Түркістан облысының Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Раманқұлов, Арыс қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов пен қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл қатысты.
Жиында арыстық әжелер тағылымы мол сахналық көріністер көрсетіп, мерекелік концерт ұйымдастырды. Өнер мен өнегені серік еткен әжелер күзгі уақытта бие ағытардағы ақырғы қымызға көрші-қолаңды шақыру кәдесі саналған «Сірге мөлдірету» рәсімін өткізді.
Ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарымызды насихаттап жүрген Арыс қаласының «Әжелер алқасы» 2013 жылы құрылған. Бүгінде олар ұмыт болып бара жатқан рухани мұраны жаңғырту мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырып келеді.