Тәуелсіздікке қол жеткізген тұста ерекше мән берілуі керек бірден-бір сала білім саласы болды. Олай дейтініміз, енді ғана дамуға бағыт алған елге нағыз мықты мамандар ауадай қажет еді. Әрі мемлекеттің ертеңі бүгінгі білімді ұрпаққа тікелей байланысты екені бесенеден белгілі. Отыз жылдың ішінде еліміздің білім саласы бір бағытқа түсіп, бүгінде жүйелі дамып келеді деп айта аламыз. Ел президенті де жыл сайынғы Жолдауында дәл осы салаға ерекше назар аударып келеді. Айталық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты былтырғы Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» деп атап көрсеткен болатын. Білімді ел – қашанда табысты ел. Қандай да бір мемлекет болмасын, дамудың биік сатысынан көріну үшін азаматтарының білімі мен білігіне көңіл аударатыны хақ. Соған қоса, білімнің жетістікке алып келер жолдағы ең негізгі құрал екендігі де айқын.
Осының негізінде бүгінгі күні еліміздегі білім саласына тың өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер білім беру қызметіне жаңаша серпінмен қарауды, әрі қол жеткен табыстарды бағалай отырып, болашақ мамандардың шығармашылық қабілетін дамытуды, оқытушы іс-әрекетін жаңаша тұрғыда ұйымдастыруды көздейді.Осы ретте рухани астана Түркістан қаласының білім саласы жаңа белестерді бағындырып отыр. Бүгінде Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты 61 білім беру мекемелері жұмыс жасауда. Саралап айтар болсақ, 21 жалпы орта мектеп, 5 мектеп-гимназия, 3 мектеп-лицей, 2 ІТ мектеп-лицей, 1 мектеп-интернат, 1 мектеп-балабақша кешені, 1 кешкі мектеп. Олардың үшеуі ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан (Әмір Темір, Әл Фараби, Кешкі мектеп), 20 мектепке дейінгі мекеме яғни балабақша және 7 мектептен тыс мекемелер бар. Одан тыс, қаламызда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 26 мектеп, 87 мектепке дейінгі мекеме жұмыс жасауда. Мемлекеттік мектептердің 15-і қазақ тілінде, 12-сі қазақ-өзбек тілінде, 5-і қазақ-орыс тілінде, 2-і қазақ-өзбек-орыс тілдерінде оқытылады.Барлық білім ошақтары ішкі әжетхана жүйесімен жабдықталған. Сондай-ақ, мектептер мен балабақшалар түгелдей көгілдір отынмен жылытылады. Түркістан қаласы 2021-2022 оқу жылын жалпы саны 48697 оқушымен аяқтады. Оның ішінде 21623 оқушы 1-4 сыныптарда, 21479 оқушы 5-9 сыныптарда, 5595 оқушы 10-11 сыныптарда оқытылды. Одан бөлек, мектепке дейінгі ұйымдарда 14440 бала тәрбиеленіп жатыр. Бұл кезекте тұрған балалардың 95 пайызын құрайды. Мектептен тыс мекемелерде 4556 оқушы түрлі үйірмелерге қатысқан. Қала бойынша үйде оқытылатын бала саны – 324. (Оның ішінде жалпы мектеп бағдарламасымен оқытылатын бала саны – 197, көмекші мектеп бағдарламасымен оқитын бала саны – 127).
Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» 2007 жылғы 5 ақпандағы №81 қаулысын жүзеге асыру шеңберінде әзірленген даму мүмкіндігі шектеулі балаларға ықпалдастыра (инклюзивті) білім беруді ұйымдастыру мақсатында 2021-2022 оқу жылында инклюзивті білім беру бойынша 18 мектепте 297 балаға 28 түзету-дамыту сыныптары, ал балабақшалар бойынша 9 балабақшадан тілінде кемістігі бар 72 балаға 9 топ ашылған. Осыған байланысты инклюзивті сыныптар мен топтарды ашу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы №77 қаулысына сәйкес, 18 штат педагог-дефектолог, 9 штат педагог-логопед мамандары жұмыс жасауда. Мүмкіндігі шектеулі балаларға сабақ беретін мұғалімдерге 40 пайыз есебінде әр мұғалімге 7079 теңге төленуде. Қосымша ақы мөлшері базалық лауазымдық жалақыдан 40 пайыз (ППРК № 1193 жылғы 31.12.2015 ж). Инклюзивті білім беру – ерекше мұқтаждықтары бар балаларды жалпы білім беретін мектептерде оқыту. Түркістан қаласы бойынша 2019, 2020 жылдары №1 Байтұрсынов, №16 Т.Бигелдинов, №21 М.Пошанов, №24 М.Шоқай атындағы жалпы орта мектептерінен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы инклюзивті білім беру ресурстық орталықтары ашылды. Түркістанда 9 мектеп STEM-кабинеттерімен жабдықталған. Атап айтқанда, №6 М.Мәметова, №9 Некрасов, №12 Қ.Сәтбаев, №13 Ә.Науаи, №14 Қазыбек би, №16 Т.Бигелдинов, №17 Ататүрік, №24 М.Шоқай, №27 Ө.Жәнібеков мектептері. Тағы 6 мектепті STEM-кабинеттерімен қамту жоспарлануда. Жыл қорытындысы бойынша, 3896 оқушы 9-сыныпты, 2286 оқушы 11-сыныпты бітірді. Түлектерді қорытынды аттестациялау 2022 жылдың 27 мамыр — 10 маусым аралығында жүргізілді. Олардың ішінде 117 оқушы «Алтын белгі», 106 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. 11-сыныпты бітірген 1467 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініш білдіріп, барлығы тестілеуден сәтті өтті. ҰБТ онлайн форматта, яғни электронды түрде ұйымдастырылды. Түлектер сынақты 6 мамыр – 4 шілде аралығында 4 рет тапсыруға мүмкіндік алды. Тестілеудің нәтижесінде қала бойынша орташа деңгей 79,7 баллды құрады. Жоғарғы оқу орындарына түскен түлектердің 54 пайызы оқуға грантпен қабылданған. Айрықша айта кетерлігі, Жұмабек Тәшенов атындағы №23 IT мектеп-лицейінің оқушысы Әйгерім Нұрлыбек ҰБТ бойынша ең жоғарғы мүмкін болған 140 баллдан 138 балл жинады. Сондай-ақ, Төле би атындағы №19 жалпы орта мектебінің түлегі Бақжан Мақсұтұлының – 137 балл, М.Әбенова атындағы жалпы орта мектептің түлегі Ерсұлтан Ерікұлының – 134 балл, Т.Бигелдинов жалпы орта мектептің түлегі Нұрайым Ергешбайдың 134 балл алғаны түркістандықтар үшін үлкен мақтаныш. Өткен оқу жылының тағы бір ерекшелігі – білім ошақтарында «Жазғы мектептердің» ұйымдастырылуы болды. Оны ұйымдастырудағы мақсат – білім беру сапасын арттыру, білім алушылардың біліміндегі олқылықтарды қалпына келтіру және білімін толықтыру. 2022 жылдың 26 мамыр – 17 маусым аралығында қаланың 30 білім беру ошақтарында ұйымдастырылған «Жазғы мектептерде» ата-аналардың өтінішімен 12574 оқушы қамтылды. Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөлімінің ықпалымен ағымдағы жылы Сауран ауданы Оранғай ауылдық округі «Құшата» елді мекенінде Балалардың жазғы сауықтыру демалыс лагері жұмысын бастады. «Балауса» лагері 16 маусымынан бастап іске қосылды. Жазғы лагерлерге 900 тұл жетім, жартылай жетім, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына тегін жолдама берілді. Сондай-ақ, бөлімге қарасты 32 мектептің 1-7 сыныптар арасында 12000 бала тамақсыз, 200 бала тамақпен мектеп жанындағы лагермен қамтылды. Биылғы 2022-2023 жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа қабылданған оқушы саны – 6250. 1-сыныпқа қабылдау «Egov.kz» Электрондық үкімет порталы арқылы және ата-аналардың өтініші бойынша жүргізілді.
Мамандардың мәліметінше биылғы оқу жылына жалпы 237905 дана оқулықтар сатып алынған. Оның ішінен 2-сынып балалары оқулықтармен жүз пайыз қамтамасыз етілді. Оқулықтарды қайта басып шығару кестесіне сәйкес, 7-сынып үшін «Физика», «Химия», «Биология» қостілді оқулықтары және 5-11 сыныптар үшін «Абайтану» оқулықтары, инклюзивті сыныптардың 8-9 сыныптары 121617 дана оқулықтар мен оқу әдістемелік кешендерімен толықтырылды. Сонымен қатар, қалада оқушылар санының ерекше қарқынмен өсуін ескере отырып, мектеп қоры 116288 дана жетіспейтін оқулықтармен толықтырылып, ескілері жаңартылған.2022 жылдың тамыз айындағы мәлімет бойынша Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты мемлекеттік 34 мектепте 48250 бала тіркелген. Олардың ішінде 113 бала ата-ана қамқорлығынсыз қалған: қорғаншылық пен қамқорлықтағы бала саны –104, патронаттағы бала саны – 9. Көпбалалы мұқтаж отбасындағы бала саны – 4825, аз қамтылған бала саны –2554, атаулы әлеуметтік көмек алмайтын күнкөріс жағдайы төмен отбасылардағы бала саны –1178, жетім бала саны – 78, жартылай жетім балалар саны – 1302. Биылғы жылы Түркістан қаласы бойынша 4553 бала мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтылған. Білім ошақтарында білікті ұстаздарға да, дарынды оқушылармен жұмыс істеуге де айрықша көңіл бөлініп келеді. Түркістан қаласының педагогтары да, оқушылары да облыстық білім бәсекелерінде топ жарып, алдыңғы қатардан көрініп келеді.