Ж.Тәшенов атындағы N23 IT-мектеп-лицейінде ағылшын тілі пәні мұғалімі болып жұмыс істеп жүрген жас маман. Жас ұстаз болса да мектеп және қоғам жұмысына белсене қатысып, нәтижелі еңбегімен ұжымда елене бастады. Ерғазы Дәулет Мақсатбекұлы. Ол алдыңғы жылдары ағылшын тілінен Республикалық ғылыми жоба сайысына оқушы дайындап, қалалық кезеңінен 1-орынға ие болса, былтырғы жылы облыстық ғылыми жобадан дайындаған шәкірті 11 «б» сынып оқушысы Дариға Айсекенова 2-орынға ие болды. Сонымен қатар «Дарынды ұрпақ-ел болашағы» жобасы аясында белсенді қатысып жобасы сәтті өтіпті. Оқушыларымен бірге «Ұлы дала баласы» ұлттық білім сайыстарының облыстық кезеңінде 1-дәрежелі дипломмен марапатталды. Жас маман Дәулет Ерғазы студент кезінен-ақ, шәкірт дайындау жұмысына қатыса бастаған. Өзінің айтуынша «2-курста сабағы жақсы мұны «Яссы білім» білім беру орталығына ағылшын курсын жүргізуге жұмысқа шақырыпты. «Орталықта ағылшын тілін оқытуда біршама тәжірибе жинадым. Ол жерде қағазбастылық, ұстаздың уақытын алатын басқадай шаруалар болмайды. Тек алдыңдағы баламен уақытпен санаспай жұмыс істеу керек. Себебі, мұнда нәтижеге жету басты меже. Орталық директоры Тұрсынбай ағадан үйренгенім көп болды. Сол күндері ұстаздық менің сүйікті ісім екенін түсіндім. Мектепке жұмысқа тұрғанда менде біршама тәжірибе болды. Сондықтан болар, менде адаптация деген болған жоқ, мектепке кірген бойда оқушылармен тез тіл табысып, сабаққа кірісіп кеттік. Алайда, «Оқу инемен құдық қазғандай» деп дана халқымыз айтқандай, нәтижеге, жетістікке жету тиянақты, ыждағатты жұмысты талап етеді», – дейді ол.
Кейіпкеріміз мұғалімдік мамандық, педагог мәртебесі туралы ойларымен бөлісті. «Мұғалім мәртебелі мамандық. Бүгінде, оқушылардың ойлау қабілеті қатты дамыған.Технологияны жетік меңгерген. Олардың білмейтіні жоқ. Оқушылар гаджеттермен және ақпарат технологиясын жақсы меңгергені соншалық, олар кейде ұстазды он орап алуы мүмкін. Сол себепті, соңғы уақытта аға буын мұғалімдеріміз де өз оқушыларымен тіл табысуы үшін, баламен жақсы жұмыс істей алуы үшін өзгеріп, өздерін дамытып отыратын болды. Демек, мұғалім өмір бойы оқитын, ізденісте жүретін интеллектуал адам. Ұстаз отбасымен қатар, оқушыларын да өз баласынан кем көрмей, ұдайы көңіл бөліп, сапалы білім, саналы тәрбие беретін жан деп білемін. Сондықтан, мұғалім мамандығы абыройлы мамандықтар қатарында деп есептеймін. Нағыз педагог, өз оқушысының жан дүниесіне үңіле білген ұстаз деп ұғу керек. Бір сыныпта 20 оқушы болса, 20 түрлі мінез 20 түрлі пікір болады. Кейбір әріптестер оқушыларды, «оқымайды, ынтасы жоқ» деп, кінәлап жатады. Меніңше, ол мұғалімнің педагогтің шеберлігіне байланысты. Өз ұстанымым «оқымайтын бала жоқ, оқыта алмайтын мұғалім болу мүмкін». Өз басым осы қағиданы басшылыққа алып, жұмыс істеймін». Жас педагог Дәулеттің айтуынша, ағылшын тілін оқуға балалардың құштарлығы өте зор көрінеді. «Жаңа сөздер ережелерді үйрене отырып, соған қарай listening, reading ,speaking бөлімдерін, яғни тыңдалым оқылым және сөйлеуді дамытады. Жоғарыда айтып кеткенімдей мұғалім баланың ынтасын оята білу керек. Жалпы, қазіргі таңда тілді үйрену, ағылшын тілін білу туралы қоғамда насихат басым болғандықтан шығар, төменгі сынып балаларының өздері қызығушылық танытып жүр. Әрбір отбасында, үйде балалардың ата-аналары тарапынан да шет тілін үйренуге қатты мән беріліп жатыр. Содан да болар, қаламызда тіл курстары 2-3 жыл бұрынғы кезге қарағанда саны әлде неше есе көбейді», – дейді жас педагог.
Дәулет Мақсатбекұлымен әңгіме барысында болашақ ой-жоспарларымен бөлісуін сұрағанбыз. «Алла қаласа, алдағы уақытта білім саласынын дамытуға өз үлесімді қоссам деймін. Тіл курстарын дамытып, дайындаған шәкірттерім ҰБТ-дан жоғары нәтижеге жетіп, оқушыларымның көбінің грант иегері болуына көмегімді тигізсем деймін. Өзім қызмет ететін IT-мектеп-лицейін қаламыздағы ең үздік мектептердің қатарында көрінуіне атсалысу парызым деп білемін. Жас өскін, өсіп келе жатқан балаларымызды ағылшын тілін үйретуде оңай, түсінікті тілде жеткізетін жеке әдістемемді қалыптастырып, жаңа деңгейге көтергім келеді, болашақта», – деп ағынан жарылды. Біз жас ұстазға сәттілік серігің болсын, – деген тілегімізді білдірдік.
«Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жандар. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» – деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, ұстаздардың еңбегі ерен. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару – екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз болу – шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлау. Ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру. Орыс ойшылы Анатолий Луначарский айтпақшы, «ұстаз – бұл жас ұрпақтың бойына ғасырлар бойы жинақталған барлық асылдарды сіңіруші, ал оларды соқыр сезімдерден, жамандықтардан және жұқпалы мерездерден аулақтатушы адам». Ал қазақтан шыққан қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынов «мұғалім – мектептің жаны» деп бағалаған. Осыдан-ақ, ұстаз деген – ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Себебі, ұстазға деген құрмет бәрінен биік тұрады. Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр. «Тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді» (әл-Фараби) жандарға ілтипат таныту – адамгершілігіңнің ілгері басуының бір қадамы. Өйткені, ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету. Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірттің ғылымда нәтижеге қол жеткізе алмайтындығы, қол жеткізсе де, тиісінше кәдеге асыра алмайтындығы қасиетті Құранда да жазылған. Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алғаны мәлім. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын – Аристотельді, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды, Бердақ – Күнқожаны, Жамбыл – Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп еске алатын болған екен. Сондықтан да, ұстазды сыйлау – өмірдегі бір борышың. Ұстазға құрмет – адамзатқа міндет.«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы-жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі-мұғалім.Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан, әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті – ұстаздардың қолында. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» – деген еді», – дейді жас ұстаз