Бүгін Түркістан облыстық Рухани жаңғыру жобалық кеңсесі «Балалар жылын» қолдау мақсатында ұйымдастырған «Рәміздер – менің мақтанышым» атты жас суретшілер арасында өткен облыстық онлайн байқауының жеңімпаздары марапатталды. «Туған жер» арнайы жобасы аясында байқаудың мақсаты – мектеп оқушылары арасындағы жас суретшілер мен таланттарды ынталандырып, оларға қолдау көрсету. Сонымен қатар, жасөспірімдердің бейнелеу өнеріне қызығушылығын оятып, отаншылдыққа, елжандылыққа тәрбиелеу.
Аталған байқауға облыстағы мектептерде білім алып жүрген 7-13 жас аралығындағы 30 үміткер қатысып, өзара мықтыны анықтады. Байқаудың шарттарына сәйкес қатысушылар өз әлеуметтік желі парақшасында
#рәміздерменіңмақтанышымруханижаңғыру хештегімен фото жүктеген болатын.
Байқау қорытындысы нәтижесінде Кентау қаласынан қатысқан Назым Құдайберген мен Отырар ауданының оқушысы Дәулет Зикиш жүлделі үшінші орынды иеленді. Тағы бір отырарлық жас суретші Сымбат Абдулла жүлделі екінші орыннан көрінсе, байқаудың бас жүлдесі Бәйдібек ауданынан қатысқан Әбубәкір Жанеркеге бұйырды. Бұдан бөлек, келестік Аружан Макамбай, түркістандық Жансая Сейілбек және шаяндық Абзал Қанатбек ынталандыру номинациясына лайық деп танылды. Байқау жеңімпаздарына кеңсе қызметкерлері арнайы дипломдар мен қаржылай сый-сияпат табыстады.