Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Атқарушы хатшысы, Фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаевтың қатысуымен Бәйдібек ауданында партиялық актив жиыны өтті. Оған партияның аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков, аудандық мәслихат хатшысы Асқар Кенехан және партия мүшелері қатысты. Мәжілісте «AMANAT» партиясы Бәйдібек аудандық филиалының Атқарушы хатшысы болып Құлымбет Ақбала Аманбайқызы тағайындалғаны мәлімделді.
Ақбала Аманбайқызы 1964 жылы Ордабасы ауданында дүниеге келген. 1986 жылы ҚазҰУ-нің физика пәнінің мұғалімі мамандығын тәмамдаған. Еңбек жолын 1980-ші жылы Бөген ауданындағы №5 бөлімшеде жұмысшы болып бастаған. 1986-2008 жылдары аралығында Алғабас ауданында Жамбыл атындағы мектепте физика-математика пәнінің мұғалімі, 2008-2016 жылдары аталған мектептің директоры болған. 2016 жылдың сәуір айынан бастап бүгінге дейін Бәйдібек аудандық білім бөлімінің, адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы лауазымдарын атқарған.
Бұған дейін аталған қызметте еңбек еткен Тұрсынәлі Дүйсенбеков зейнет жасына толуына байланысты лауазымынан босатылған болатын. Жиында Б.Тәжібаев бірнеше жыл жемісті еңбек еткен азаматқа өз алғысын білдірді. Саяси ұйымда атқарылған жұмыстарға тоқталып, бірқатар тапсырманы жүктеді. Сонымен қатар, жаңа атқарушы хатшыға ауданның жан-жақты дамуына үлес қосуға шақырып, сенім білдірді.
– Партияның аудандық филиалының тарихында бұл лауазымды тек ер азаматтар атқарып, өз ұстанымдарын қалыптастыра білді. Бүгінгі өзгеріс сіздердің және аудан халқының қолдауымен іске асып отыр. Бұл жаңашылдық оң өзгерістер алып келетіні сөзсіз. Өйткені, Ақбала Амантайқызы ұзақ жылдар бойы білім саласына еңбегі сіңіп, қоғамдық-саяси жұмыстарда өзінің белсенділігін көрсетіп келеді. Жалпы, Бәйдібек ауданында 13 мәслихат депутаты болса, оның 11-і «AMANAT» партиясы атынан сайланған. Жыл басынан бері жоспарға сай 4 депутаттық фракция мәжілісі өткізіліп, онда сайлауалды бағдарламаның орындалуы және жауапты мекеме басшыларының есебі тыңдау мәселелері қаралған. Партия филиалының жанында 13 бастауыш партия ұйымы бар. Мемлекеттік қызмет пен партия міндеттерін қатар үйлестіріп жүрген азаматтарымызды атап өткен жөн. БПҰ төрағаларының қатарынла 9 ауыл әкімі жұмыс істеуде. Ауданның түрлі мамандық иелері саяси ұйым мүшелігіне енген. Бүгінде олардың саны 3 мыңнан асады, – деді фракция жетекшісі.
Облыстық партия филиалының бастамасымен өткізіліп жатқан «AMANAT AQYLMAN» интеллектуалды ойыны және «AMANAT LIDER» дебат турнирі Бәйдібек ауданында да өткізіледі. Бұл туралы Бейсен Дәулетұлы атап өтіп, жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ, партия филиалында бекітілген жоспар мен сайлауалды бағдарламадағы уәделердің орындалуын қатаң қадағалау керектігін ескертті. Мәжілісте қоғамдық қабылдаулардың жұмысы туралы да баяндап өтті.
– Аудан азаматтарының талап-тілегін тыңдау мақсатында партия филиалында 121 қабылдау ұйымдастырылып, 400 тұрғынның арыз-шағымы қаралды. Басым бөлігі денсаулық, әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үймен қамту және жұмысқа орналастыру мәселелерін көтерген. Аудандық мәслихат депутаттары, жауапты сала өкілдерімен бірлесіп жүргізген жұмыстын нәтижесінде 53%-ы оң шешімін тапты. Қоғамдық қабылдауларға келген әрбір тұрғынның өтініші назарсыз қалмауы тиіс. Кезек күттірмейтін мәселелерді бірлесіп шешуіміз керек – деген ол актив жиынын түйіндеді.