Тіршіліктің бастауы болған қасиетті Қазығұрт ауданының өндірісі өркендеп, инфрақұрылым жаңарып келеді. Аталған өңірде туризмді дамытуға барлық алғышарттар бар. Аңызы да, тарихи дерегі де, тауы да, табиғаты да осы саланы дамытуға сұранып тұр.
Бүгінде аудан аумағында жемісті жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар аз емес. Ауыл шаруашылығы саласында да мүмкіндігі мол. Бұл ретте тарихи өлкенің бірлігі мен тірлігі жарасқан, еңбекқор халқы елдің дамуына елеулі үлес қосуда.
Былтыр аудан тұрғындарымен 2 есепті кездесу өтіп, сол кезде ауданның маңызды 16 мәселесі көтеріліп, оның ішінде, 9 мәселе өз шешімін тапқан.
Тарқата айтқанда, Тұрбат елді мекеніндегі 200 орындық «Ақпарақ» мектебінің құрылысы аяқталып, биылғы 15 қаңтарда пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында осы елді мекендегі Атамекен, Бастау, Кенжеғұлов, Мұратов, Достық, Көктем, Тұрсынқұлов, Байтемірұлы көшелерін орта жөндеуге 430 млн. теңге қаралып, пайдалануға беріледі.
Бұдан бөлек, «Ақбура» бұлақ көзіне қосымша ауыз су қоймасының құрылыс жұмыстарына 300 млн. теңге қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Жеңіс елді мекеніне Ұя өзенінен өтетін көпірді күрделі жөндеу үшін 2022 жылы 167,3 млн теңге қаралып, жұмыстары жүргізілуде. Биыл маусым айында пайдалануға беріледі. «Жігерген-Көкібел» автомобиль жолын орта жөндеу жұмыстарын бастау үшін бюджеттен қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жоспарлануда. Аталған бағдарламаны пилоттық режимде Шарбұлақ, Шанақ ауыл округтерінде іске асыру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, ауданда денсаулық сақтау саласы мен ауыл шаруашылығы жобаларын іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде, 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Ал ауыл шаруашылығы саласында былтыр 67 млрд. теңгеге өнім өндірілген. Оның ішінде, мал шаруашылығы 39,5 млрд. теңгеге, егіс көлемі 91,2 мың гектарға орналастырылып, өсімдік шаруашылығының өндірілген өнімі 27,5 млрд. теңгені құрады.
Халықтың табысын арттыру мақсатында арнайы жұмыспен қамту картасы бекітіліп, Қазығұрт ауданы бойынша былтыр 1 800-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. «Еңбек» бағыты бойынша былтыр 6 500-ден астам адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 1,5 мыңға жуық жұмыс орындары ашылды.
Ауданда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында былтыр Жігерген, Сарапхана елді мекендеріндегі 2 мектепке 304 млн. теңге қаралып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта 6 елді мекенде мектептердің құрылысы жүргізілуде. Осы жылы 3 мектептің құрылысын, қалған мектептердің құрылысын 2024 жылы аяқтау жоспарланған. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленуде. Жоба аясында Қазығұрт ауылы Болашақ мөлтек ауданынан 600 орындық 1 жаңа мектептің кұрылысын салу қарастырылуда.
Мәдениет және спорт саласы бойынша Қазығұрт елді мекенінен 500 орындық мәдениет үйінің құрылысына биыл 122 млн. теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Шанақ, Жігерген елді мекендерінде 2 мәдениет үйі осы жылы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Жаңабазар елді мекеніндегі спорт мектебін күрделі жөндеуге 217 млн. теңге қаралып, 2022 жылдың қорытындысымен пайдалануға берілді. Ал денсаулық сақтау саласында 55 мекеме тұрғындарға қызмет көрсетуде.
Былтыр аудандық орталық аурухананың ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарына 600 млн. теңге қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2022-2023 жылдары Жаңаталап, Қақпақ, Ынталы елді мекендерінен фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысы басталып, осы жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Аудан тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Айнатас, Ызабұлақ елді мекендерінде су құбыры желісін салу үшін 436 млн. теңге қаржы бөлінді. Нәтижесімен Ызабұлақ елді мекенінің ауыз су құбыры пайдалануға берілді, ал, Айнатас елді мекенінің ауыз су құбыры осы жылдың шілде айында беріледі.
Сонымен қатар, Қызылдихан елді мекенінде сумен жабдықтауды қайта құру үшін 723 млн. теңге қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі. Табиғи газ жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында Шанақ, Ескі Шанақ, Шанақ станциясы Ақжар, Ызабұлақ, Бақабұлақ елді мекендерінде газ құбырларын тарту жұмыстарына 1 млрд. теңге қаржы қаралды.
Былтыр бюджет есебінен Қазығұрт ауданының автомобиль жолдары саласын дамытуға 3,7 млрд. теңге бөлініп, 202 шақырым жөндеу жұмыстарынан өтті. Оның ішінде, 6 облыстық маңызы бар нысан, 6 аудандық маңызы бар, 2 көпір және 32 ішкі жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы жылы жолдарды жөндеу үшін 2,3 млрд. теңге бөлініп, облыстық маңызы бар 2 нысан, 5 аудандық маңызы бар, 1 көпір және 48 ішкі жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі.