Құрметті, аудан тұрғындары мен қонақтары! Сіздерді 4-маусым Рәміздер күнімен құттықтаймын. Бұл патриоттық пен намыстың мерекесі. Еліміздің даналығы мен қаһармандығын сипаттайтын мереке.
Елтаңба, Ту, Гимн тәуелсіздігіміздің басты символы. Тереңнен тамыр тартқан тарихымыздың айқын көрінісі. Сан ғасырдан бері ата-бабамыз аңсаған еркіндіктің бойтұмары. Көк Туымызда самсаған құс еркіндігімізді бейнелесе, Елтаңбадағы әрбір символ рухымыздың асқақ екенін паш етеді. Ал, Гимн бабалардың сан ғасырлар бойы аңсаған асқақ арманының жыры. Татулық пен бірлікке үндеуде. Кемелді келешегіміздің асқақ үні.
Тарихымызды түгенделіп, дініміз бен тіліміз қайта оралды. 130-дан астам ұлт өкілдері туған елдің көк туының астында ауызбіршілікте өмір сүруде. Бүгінде көк байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропалық Қауіпсіздік Ынтымақтастық Ұйымы сияқты халықаралық беделді ұйымдардың штаб-пәтерлерінде желбіреп тұр. Әлемдік додаларда Туымыз көтеріліп, Әнұранымыз шырқалуда. Бұл Тәуелсіз ел екеніміздің айғағы.
Мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеу, мақтан тұту әрбір азаматтың борышы. Тәуелсіздіктің тұмары Рәміздер күні құтты болсын! Халқымыз аман, еліміз тыныш болсын! Көк байрағымыз еркіндікте желбіресін! Мерекеде сіздердің отбасыларыңыздың амандығын тілеймін!
1992 жылдың 4 маусымында ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заңдарға қол қойған еді. Ал «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде атап өтіледі.
Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік әнұран мемлекеттік рәміздер болып саналады.
Осынау мемлекеттік үш нышанды таңдау үшін 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңес президиумы жұмыс тобын құрып, арнайы шығармашылық комиссия тағайындады. Оның құрамына Салық Зиманов, Ербол Шәймерденов, Серікболсын Әбділдин, Серік Әбдрахманов сынды қайраткерлер кірді. Осыдан кейін бүкіл Қазақстан көлемінде Елтаңба, Ту, Әнұран нұсқаларына конкурс жарияланды. Бір ғана тудың өзіне 600 адамнан 1 200 нұсқа түссе, Елтаңбаның 245 жобасы, әнұранның 750 үлгісі байқауға қатысты. Үздік туынды ұсынған байқау жеңімпаздарын қазір халық мемлекеттік рәміз авторлары ретінде таниды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы. Тудың авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков. Еліміздің мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2.Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «QAZAQSTAN» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «QAZAQSTAN» деген жазу – алтын түстес. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының эталондары Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясында сақталады.Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Әнұранның авторлары ретінде – әуенін жазған Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамидидің есімі тарихта қалды. Үздік мәтінге жарияланған байқауды Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.
Кейін, яғни, 2006 жылы жаңа Мемлекеттік гимн қабылданды. Таңдау ел арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» әніне түскен еді. Бұл 1956 жылы сазгер Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылық тандемінен шыққан туынды.
Алғаш рет рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Тұңғыш Президенттің салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.
Құрметпен,
Сауран ауданының әкімі
Ғалымжан Үсенбаев