Түркістандағы «Ескерткіштерді қорғайтын халық» халықаралық конференцияға қатысуға келген шет мемлекеттердің бірқатар журналистері бүгін Бәйдібек ауданына келді. Корея, Түркия, Өзбекстан және Франция елдерінен келген журналистер Ақмешіт үңгірін аралап, тарихымен танысты. Үңгірдің табиғатына тамсанып, сұрақтар қойып, пікірлерімен бөлісті. Аралау барысында аудан әкімінің орынбасары Бақыт Қырғызалиев Бәйдібек ауданының тарихына тоқталып, жетістіктерін айтып өтті.
Ақмешіт үңгірі Орталық Азия дағы ең үлкен үңгірлердің бірі. Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Көктерек ауылдық округі аумағында орналасқан. Қаратаудың етегінде әктасты жыныстар қабатында пайда болған ойық жарқабақ үңгірінің ұзындығы – 254, ені – 65, биіктігі- 25 метрді құрайды.