Ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Адамның адам болып қалыптасуына ата-анамен қатар, ұстаздың да рөлі маңызды. Болашағымыздың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді емес пе. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солдай ардақтауға міндеттіміз» деген. Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – мұғалім. Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау болып табылады. Мектеп – үйрететін орта, оның жүрегі – мұғалім
Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс – оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы. Ол өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Өзгермелі қоғамдағы жаңа формация мұғалімі – педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға құзыреті. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, ел ертеңі болып табылатын ұландардың бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, оларды тұлғалы азамат етіп қалыптастыруда өзіндік үлесін қосып жүрген ардақты ұстаздарымыздың бірі Түркістан қаласы, «Бауыржан Момышұлы атындағы №22 жалпы орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Жанат Ханділлә Ділдәбекқызы. Жанат ұстазымыз 1971 жылдың 27 қазанында Түркістан қаласында дүниеге келген. №9 Н.А.Некрасов атындағы орта мектепті аяқтағансоң, 1989-1994 жылдар аралығында С.Сейфуллин атындағы Ақмола мемлекеттік педагогикалық институтында оқып, орыс тілі мен әдебиет мұғалімі мамандығының үздік дипломын алған. Өзінің еңбек жолын 1994 жылдың тамыз айында Түркістан қаласы, Абай атындағы орта мектебінде мамандығы бойынша жұмыс істеп, аталған мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры қызметін де атқарған. 2011 жылдың қыркүйек айынан бастап аталмыш мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді.
Жоғары білікті маман Жанат Ділдәбекқызы жеткен жетістіктері мемлекет тарапынан бағаланып, көптеген марапаттауларға ие болған білікті ұстаз. 2016-2022 жылдар аралығында облыстық «Білім үздігі», «Білім шыңы», «Кәсіподаққа қызметі сіңген қызметкер» деп аталатын төс белгілерге ие болған. 2018-2020 жылдарда республикалық «Өрлеу» мұғалімдердің біліктілігін арттыру институтының құрмет грамоталары, облыстық «Үздік мұғалімдер»кітабына ену, Daryn.online білім беру платформасы мен Qaztest.kz олимпиада сайты бірлесіп өткізген І Республикалық «Кемеңгер ұстаз» олимпиадасының І дәрежелі дипломдарын алған. Жанат Ділдәбекқызы – инновациялық басқаруды меңгерген, ынтымақтасқан ортада бірлескен жұмысты істей алатын іскер басшы. Жұмыс барысында бойынан қайсарлық пен сезімталдық, өжеттілік пен кеңпейілдік айқын көрініп тұрады. Ұжымда, оқушылар арасында өзінің парасаттылығымен, білімділігімен беделге ие. Ұлағатты ұстаздық жолында әрбір шәкірттерінің жүрегіне жол табұға әріптестерін жетелей білетін көшбасшы ұстаз. Сонымен қатар, Жанат ұстаздың жолын қуған оқушылары бірнеше халықаралық, облыстық жарыстардың иегерлері, білім грантының иегерлері атанған. 2020 жылы Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің алғыс хаты, қалалық семинарларда Түркістан қаласы әкімдігінің білім бөлімінің мақтау қағаздары, Түркістан облысының адами әлуетті дамыту басқармасының Құрмет грамотасы, Қазақсан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласында білімді қамтамасыз ету Комитетінің алғыс хаттарымен мараматталған. Жанат Ділдәбекқызы ұстаздық жолында оқушыларының танымдық қызығушылығын арттырып, оқушылардың ой – өрісін, дүниетанымын кеңейтуді басты мақсат тұтқан. Алған білім негізін дамыта отырып оқушының шығармашылық деңгейін шыңдап, жетістіктерге жетуіне әрдайым көмектесуге дайын.
Қорыта айтқанда, әр мұғалімнің алдындағы мұраты – өз ісін жетік біліп қана қоймай, әр оқушыны шығармашылық тұлғаға жетелеуі. Әр баланың қабілетін, талантын ашу, өзіне өзінің сенімін нығайтып, өзіне-өзінің жол ашуына түрткі жасау – міне бүгінгі білім беру, тәрбие ісінің басты міндеті болып табылады.
Алаштың мақтанышы Ахмет Байтұрсыновтың кезінде былай дегені бар: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шығады. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім». Қазір әлемдік бәсекеде ғылым мен технологиясы жетілген елдер көш бастап келеді. Сөз жоқ, олардың біздің ел секілді енді дамып келе жатқан елдерге саяси-экономикалық тұрғыдан үстемдік етуі сол ғылым мен технологияға және соларды оқып-игерудің негізін қалайтын білім жүйесінің дұрыс жолға қойылуына байланысты. Соның арқасында олар экономикалық зор табыстарға жетіп, қолайлы жағдайда өмір сүруде. Біздің елдің де қазіргі уақытта алдына қойған негізгі мақсаттарының бірі жас ұрпаққа саналы білім беріп, ғылыми технологияны игерту болып отыр. Сондықтан қазақстандық жас ұрпақтың кемел келешегінің саналы білім мен тағылымды тәлім-тәрбие алуда екені негізгі мақсат-мүдделердің біріне айналды. Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз алдына дербес ел болғаннан бері білім берудің жаңа технологиялары жаппай игерілуде. Әрбір оқушы мен студенттің компьютер мен электронды құрал-жабдықтарды жетік меңгеруіне, әлемдік ғаламтор жүйесіне еркін енуіне мүмкіндік жасалып жатыр. Қазіргі таңда еліміздің оқу орындарында жаңа технологиялармен оқыту жаппай қолға алынуда. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде білім беру жүйесі қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру бүгінгі өмір талабы екенін айта келе: «Жаңа формацияға жаңа педагог қажет», – деген. Мұның түпкі мақсаты – мұғалімдердің тәрбиешілік, педагогтық әлеуетін, қабілетін кеңірек ашу. «Жаңа мұғалімнің» бүгінгі заманда жаңаша ойлайтын, уақыт ағымымен үндес жұмыс істейтін, ең бастысы, жас ұрпақтың нағыз тәрбиешісі болғаны абзал.
Алдағы уақытта еліміздің білім жүйесіне толықтай енуі қажет болып отырған жаңашыл білім беру үдерістерін, оның іс-әрекеттері мен құрылымдарын анықтау мақсатында бірқатар іс-тәжірибе қолға алынып жатыр. Әлбетте, бұл еліміздің жаңа буын ұстаздарының білім-біліктілігіне, рухани-мәдени әлеуетіне, қоғамдық-әлеуметтік жағдайына, қоғамдағы орны мен рөліне, құқықтық-саяси мәдениетіне, әсіресе мәртебесіне байланысты. Сондықтан да қазақстандық коғам мен ел Үкіметі педагог-ұстаздар мәртебесіне әрқашан алаң болып келеді. Себебі қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру, мемлекеттік білім беру стандарты мен бағдарламаларын жүзеге асыру, жаңа технологиялар мен жаңа буын оқулықтарын дайындап, оларды оқыту үдерісіне енгізу, еліміздің білім саясатының ұлттық моделін қалыптастыру тәрізді маңызды мәселелер мұғалім-оқытушылар қауымына келіп тіреледі. Олар өздерінің кәсіби шеберлігі мен іскерлігін, кәсіби дайындығы мен біліктілігін жетілдіруге ынталы болса ғана бұл мақсат баянды болмақ.Демек, инновациялық білім беру жүйесі арқылы интеллектуалдық ой өрісі дамыған жас ұрпақ тәрбиелеуді одан әрі жетілдіру заман ағымына ілесу үшін қажет болып отыр. Осыған орай өскелең ұрпаққа қазіргі қоғам талабына сәйкес сапалы білім беру, оларды әлемдік бәсекеге қабілетті маман, кәсіп иесі етіп оқытып даярлау мәселесі педагогика ғылымында жаңа әдіснамалық негіздегі ғылыми зерттеулердің көп болуын талап етеді. Оның бірден-бір шешімі отандық білім ордаларының оқу үдерісіне оқу-әдістемелік, педагогикалық-психологиялық, ақпараттық-коммуникациялық т.б. жаңа технологияларды батыл ендіруінде екені барша жұртқа түсінікті бола бастады.