Сауран ауданында халықты жұмыспен қамту және кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы орайда Сауран аудандық мансап орталығының мамандары әлеуметтік кәсіпкерлерге субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру тәртібі мен 2027 жылға өтінім беру кезеңдерін түсіндірді. Кездесу барысында мемлекеттік қолдау шаралары, жұмыс берушілерге ұсынылатын мүмкіндіктер және жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу тәртібі туралы жан-жақты ақпарат берілді. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – кәсіпкерлерді мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерімен таныстыру, жаңа жұмыс орындарын ашуға ынталандыру және жұмыссыз азаматтарды еңбек нарығына тарту. Сонымен қатар жұмыс берушілер мен мансап орталығы арасындағы өзара байланысты нығайту, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастырудың тиімді тетіктерін түсіндіру көзделді. Субсидияланатын жұмыс орындары – халықты жұмыспен қамтудың маңызды құралдарының бірі. Бұл бағыттағы мемлекеттік қолдау шаралары жұмыссыз азаматтардың еңбек тәжірибесін жинақтауына, кәсіби дағдыларын жетілдіруіне және тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Ал жұмыс берушілер үшін қажетті мамандарды даярлауға, кадрлық әлеуетін арттыруға және еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға жағдай жасалады. Кездесу барысында мамандар субсидияланатын жұмыс орындарының негізгі бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар, «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларының ерекшеліктері жөнінде түсініктемелер берілді. Бұл жобалардың әрқайсысы азаматтардың белгілі бір санатын жұмыспен қамтуға бағытталған. Мәселен, жастар практикасы оқу орындарын аяқтаған түлектердің алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауына ықпал етсе, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы еңбек жолын жаңадан бастаған жастардың кәсіби ортаға бейімделуіне мүмкіндік береді. Ал «Күміс жас» жобасы зейнеткерлік жасқа жақындаған жұмыссыз азаматтардың еңбек белсенділігін сақтауға бағытталған
Әлеуметтік жұмыс орындары арқылы жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыруға және олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қолдау көрсетіледі. Мұндай шаралар халықтың әлеуметтік осал топтарын еңбекке тартуда ерекше маңызға ие. Түсіндіру жұмыстары барысында 2027 жылға арналған өтінімдерді қабылдау тәртібіне де назар аударылды. Кәсіпкерлерге жұмыс орындарын ұйымдастыруға қойылатын талаптар, өтінімдерді рәсімдеу, қажетті мәліметтерді ұсыну және тиісті рәсімдерден өту мәселелері түсіндірілді. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау шараларына қатысу кезінде қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау қажеттігі атап өтілді. Мансап орталығы мамандары жұмыс берушілердің жауапкершілігіне де ерекше тоқталды. Атап айтқанда, азаматтарға қолайлы еңбек жағдайларын жасау мәселелерінің маңыздылығы түсіндірілді























