Ағымдағы жылғы 16 қазанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ұйымдастыруымен жер саласына қатысты кеңес беру семинары өтті, деп хабарлайды ALASHAQPARAT.KZ тілшісі.
Жиынды Республикалық Арнайы мониторинг тобының жетекші сарапшысы, жер қатынастары бойынша құқықтық және сот саласында мол тәжірибесі бар кәсіби заңгер Базарбек Бақытжан Жұмабекұлы жүргізді.
Іс шараның мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын көтеру және жер саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету. Кездесуге Агенттіктің аумақтық Департамент басшылығы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы филиалының басшылығы және кәсіпкерлер мен қала тұрғындар қатысты.
Семинар барысында тұрғындар жер саласына қатысты көкейлерінде жүрген сұрақтарына тегін заңгерлік кеңестер алды. Сұрақтар әсіресе, жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін беру, жер учаскелерінің пайдалану мақсатын өзгерту, жерді бөлу, жер учаскесін игермеу және мақсатсыз пайдалану, сондай-ақ мемлекеттік қажеттіліктерге байланысты алып қою, өз еркімен құрылыс жүргізу, қызыл сызықтар мен шекараларды айқындауға қатысты қойылды.
Айта кетсек, Елбасы биылғы халыққа арнаған Жолдауында жер қатынастарына баса назар аударғаны белгілі. Осыған орай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі азаматтардың құқықтық мәдениетін жақсарту мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде жер мәселелері бойынша тегін семинарлар өткізуді қолға алған. Семинар соңында қатысушылар Б.Базарбекке білікті құқықтық кеңес бергеніне өз алғыстарын білдірді.