Ағымдағы жылғы 26 қазанда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысындағы Әдеп жөніндегі Кеңесінің алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды ALASHAQPARAT.KZ.
Кеңес мүшелерінің шешімімен 3 лауазымды тұлғаға «атқаратын қызметіне сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.
Олардың қатарында Жер кодексінің талаптарын сақтамастан, жер учаскелерін сауда-саттыққа шығармай, мемлекеттік қызметке кір келтіретін іс-әрекет жасаған Түлкібас аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мустафа Битуреевич Желдибаев, ауданның арнайы жер қоры есебінде тұрған жер телімдерін аукционға немесе конкурсқа шығармай, жеке тұлғаның құқықтарын іске асыруына кедергі келтіріп, мемлекеттік қызметке кір келтіретін іс-әрекет жасаған Бәйдібек аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ануар Бекбауович Алмабаев, сондай-ақ, мемлекеттік қызмет көрсету барысында азаматтардан артық құжаттарды сұратып, Әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін Ордабасы ауданы сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Қазыбек Мұхтарұлы Туреев бар.
Сондай-ақ, Әдеп жөніндегі Кеңес өздері жетекшілік ететін салалардың жұмысына тиісті деңгейде бақылау орнатпағаны үшін Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Темір Айкен Мәкенұлына және Ордабасы аудан әкімінің орынбасары Оралбаев Азат Абдугалиевичке «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.
Кеңес мүшелері 2018 жылға арналған жұмыс жоспарын және азаматтарды жеке қабылдау кестесін бекітті.
Отырыс соңында Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі, А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің ректоры Б.Абдирасилов жүйелі түрде орын алатын бұзушылықтардың алдын-алу мақсатында мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды ұсынды.