Бүгін Шымкент қаласында тұңғыш Президент күніне орай Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен этномәдени бірлестіктер арасында дәстүрлі «Қазақ дастарханы» фестивалі болып өтті, деп хабарлайды ALASHAQPARAT.KZ тілшісі.
Фестиваль өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Түрлі этнос өкілдерінің шын пейілмен жайылған дастарханынан қазақ халқын құрметтейтінін, ұлттық құндылықтарды дәріптей алатынын аңғаруға болады.
Сайыстың басты мақсаты – достық пен этносаралық келісім, қазақстандық патриотизм негізінде халықтың бірлігі, ізгілік, татулық пен келісім идеяларын насихаттау.
Бірегейлік пен бірлікті, этносаралық келісімді қамтамасыз етуді көздеген шараға өңірдегі зиялы қауым өкілдері, «Аналар кеңесінің» құрамы, облыстық ҚХА құрылымдарының жетекшілері, өңірдегі этномәдени бірлестіктердің белсенді мүшелері, аудан, қала делегациялары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Ұймдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты жеңімпазды анықтау емес, барша этностарды қоғамдық бастамаларға ұйыстыру арқылы мемлекет құраушы қазақ халқының маңайына топтастыру.
Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің міндетін атқаруші Мадина Камеденованың айтуынша, дәстүрлі «Қазақ дастарханы» фестивалі өңіріміздегі этностар арасындағы татулық пен достықтың айғағы.
«Біздің міндетіміз – қазақтың ұлттық тағамдарын қайта жандандырып қана қоймай, қазақ мәдениетімен әртүрлі этномәдени орталықтар құру, оларды бір бастамамен біріктіру», – деді ол.
Фестивальға әртүрлі этнос өкілдері қатысты. Байқау шарттары бойынша олар қазақтың ұлттық тағамы «Ет асуды» мейлінше сапалы дайындауы тиіс болатын. Сонымен қатар, қазылар алқасы бастың дұрыс үйітіліп, пісірілуіне, қамырдың дұрыс иленіп, жайылғанына, сорпаның құнарлылығы мен қоспасына баса назар аударды.
Байқауды арнайы тағайындалған қазылар алқасының мүшелері «Аналар кеңесінің» төрайымы Балқия Көмекбаева, ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов пен Досыбай Шерімқұлов қорытындылады.
Алдымен барлық қатысушыларға Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-і басшысы қызметін атқарушы Үсіпахметов Заңғар «Алғыс хат» табыстап, ризашылығын білдірді. Бұдан соң фестиваль жеңімпаздарын марапатталды.
Атап айтқанда, жүлделі үшінші орынды Төлеби аудандық филиалы, облыстық славян және өзбек этномәдени бірлестіктері өзара бөлісті. Ал, жүлделі екінші орын облыстық тәжік, түрікэтномәдени бірлестіктеріне бұйырды. Бірінші орын киім үлгісінің ерекшелігімен көзге түскен Сайрам аудандық филиалына берілді.
Көпшілік тағатсыздана күткен гран-при жүлдесі дастархан мәзірінің үйлесімділігімен және ерекше қонақжайлылығымен қазылар алқасын баурап алған Иран этномәдени бірлестігіне ілтипатпен табысталды.